Ертіс ауданында оқушылар жеті жыл өсірген шыршаны мектеп ауласына отырғызды
Ш.Уәлиханов атындағы орта мектепте ерекше экологиялық бастама жүзеге асты , деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мұғалімдер мен оқушылар бірнеше жыл бойы баптап өсірген шырша көшетін биыл мектеп ауласына отырғызды.

Бұл игі іс 2019 жылы басталған. Сол жылы мектеп мұғалімі Гүлнар Айтуарова Алматы қаласынан шырша тұқымдарын әкеліп, білім ордасында тәжірибелік жұмыс қолға алынған. Тұқымдарды еңбек пәнінің мұғалімі Ақылбай Абигузин арнайы бөлмеде егіп, алғашқы күтім жұмыстарын жүргізген. Егілген тұқымдардың бір бөлігі өніп шыққан.
Кейінгі бес жыл бойы көшеттер мектептің биология кабинетінде өсірілді. Бұл жұмыстарға биология пәнінің мұғалімі Дәулет Ильясов пен оқушы Арсен Әбенов белсенді атсалысып, өсімдіктің дамуын тұрақты бақылап, күтіп-баптаған. Нәтижесінде жеті жыл ішінде көшет 24 сантиметрге дейін өсіп жетілді.
– Биыл «Таза Қазақстан» тұжырымдамасы аясында көпжылдық еңбектің нәтижесі ретінде шырша мектеп ауласына отырғызылды. Бұл тек көгалдандыру жұмысы ғана емес, оқушыларға экологиялық тәрбие берудің нақты үлгісіне айналды, – дейді Дәулет Ильясов.

Айта кетерлігі, мектеп түлегі Арсен Әбенов осы тәжірибеден кейін болашақ мамандығын экология және биология саласымен байланыстыруды таңдаған. Оның айтуынша, өсімдіктің дамуын бақылау, оны күтіп-баптау – ерекше қызығушылық тудырған.
Мектеп ұжымы мұндай жобалар оқушылардың табиғатқа деген жауапкершілігін арттырып, еңбекқорлық пен ұқыптылыққа баулитынын атап өтеді. Ауыл жағдайында жермен етене байланыс орнату – жас ұрпақ тәрбиесінің маңызды бөлігі.
Осылайша, шағын ғана тұқымнан басталған еңбек жеті жыл ішінде нақты нәтижеге айналып, мектеп ауласын көркейткен жасыл желекке ұласты.
Фотосуреттерді Ш. Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беру мектебі ұсынды