Баянауылдың демалыс аймағында экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылады
Демалыс алаңында 54 демалыс үйі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ауылдық округ әкімдері мен бөлім басшыларымен өткен аппараттық мәжілістің күн тәртібінде екі сұрақ қаралып, жан-жақты пысықталды. Елді мекендерді абаттандыру және санитарлық тазалау мәселесі қаралды. Бұл мәселе бойынша кешенді жоспар құрылып, заңсыз қоқыс орындарын тазарту, ағаш егу және гүлзарлар отырғызу бойынша жұмыс жүргізіледі.
– Абаттандыру мәселесі бойынша жүйелі жоспар құрылып, мердігерлер анықталды. Биылғы жылы Құндыкөл, Бірлік ауылдары «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына енді. Бұл ауылдарда ауылішілік жол жөнделіп, жарықтандыру жүргізіледі, мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалады. Майқайың кенті, Баянауыл, Сәтбаев, Мұса Шорман, Жұмат Шанин ауылдарында да абаттандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізіледі, – дейді аудан әкімі Ардақ Кісентаев.
Сондай-ақ ол құзырлы бөлім басшыларына нысандардағы жұмысты жіті бақылауды тапсырып, оның сапалы әрі уақытылы жүргізілуін назарда ұстайтынын жеткізді.
Жиында қаралған екінші мәселе – жазғы туризм маусымына дайындық барысы талқыланды. Демалыс алаңында 54 демалыс үйі бар. Аймақта тазалықты қамтамасыз ету үшін экологиялық сенбіліктер ұйымдастырылады. Оған 150-ден астам еріктіні жұмылдыру көзделген. Сонымен қатар, «Жасыл ел» жастар жасағы арқылы жоспарлы жұмыстар жүргізіледі.
Демалыс аймағында он бір санитарлық торап, сегіз душ модуль бар. Коммуналдық меншік үш жылға сенімгерлік басқаруға берілген.
Жағажайдағы ағаш зонттар мен киім ауыстыратын кабиналар жөнделіп, істен шыққан жарық шамдары алмастырылады.