Аққулыда жабайы қарасораны жоймаған тұрғындар жауапқа тартылды
Оларға айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында жабайы қарасора өсетін жерлерді анықтау және жою жұмыстары күшейтілді. Осыған байланысты жер иелеріне 100-ден астам ресми нұсқама берілді. Талапты орындамаған 20 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Аулаларды аралау кезінде тағы екі дерек тіркелді.
– Аққулы ауданында тұрғынның үйінің маңынан жабайы қарасора табылды. Бұған дейін, оған өсімдікті жою туралы нұсқама берілгенімен, ол талапты орындамаған. Тереңкөл ауданында да дәл осындай жағдай анықталды. Үй иесі қарасораның өздігінен өскенін айтқанымен, инспектордың талабын орындамаған, – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Ведомствоның мәліметінше, әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 420-бабына сәйкес, ресми нұсқаманы орындамай, жабайы қарасораны жоймаған жер иесіне немесе жер пайдаланушыға 10-нан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады.
Полицейлер құрамында есірткі заты бар жабайы өсімдіктерді жою міндеті олар өсіп тұрған жер учаскесінің иесіне немесе пайдаланушысына жүктелетінін еске салды.