Павлодарлық эколог Венада табиғат қорғаушыларын қолдау мәселесін көтерді
                                    Халықаралық форумда экологиялық белсенділерге қолдау көрсету мәселесі талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Венаның Хофбург сарайында Орхус орталықтарының жыл сайынғы кездесуі өтті. Экономикалық және экологиялық қызмет жөніндегі ЕҚЫҰ үйлестіруші бюросы ұйымдастырған шараға мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен азаматтық қоғамның өкілдерін қоса алғанда, 40-тан астам қатысушы жиналды.
Қазақстан атынан кездесуге Орхус орталығының үйлестірушісі Светлана Могилюк қатысты. Эколог өз сөзінде қоршаған ортаны қорғаушыларға қысым көрсету жағдайлары жиілеп бара жатқанын атап өтті.
– Мен екі мысалды келтірдім. Біріншісі – Шығыс Қазақстан облысындағы Маралды ауылы тұрғындары қолайлы өмір сүру ортасын қорғауға тырысқан, бірақ жергілікті биліктен нақты қолдау көрмеген әрекеті. Екіншісі – Атыраудағы сәттірек жағдай: бір компания кәріз суларының ластануы мәселесін көтерген экобелсінділерге сот арқылы қысым көрсетуге тырысты. Алайда белсенділердің көпжылдық тәжірибесі, Жайық-Каспий Орхус орталығының жұмысы және білікті заңгерлердің көмегі олардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік берді, – деді Светлана Могилюк.
Маманның айтуынша, бұл оқиғалар адамдарды құқықтық қорғау тетіктеріне үйретудің және мемлекеттік құрылымдар, бизнес пен азаматтар арасындағы құқықтық мәдениетті дамытудың маңыздылығын көрсетеді.

Светлана Могилюк Павлодар облысында мұндай жұмыс көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқанын да атап өтті.
– Павлодарда «ЭКОМ» ұйымының базасында Павлодар облысының Орхус орталығы жұмыс істейді. Орталық өкілдері құжаттық процедураларға тым қатты мән береді деп ойлайтындар бар. Бірақ тәжірибеміз көрсеткендей, заңның әрбір егжей-тегжейін, тек мәтінін ғана емес, рухын да сақтау – қоршаған ортаны қорғауға көмектеседі. Елдегі ең ірі ластаушы кәсіпорындардың бестен бірі шоғырланған Павлодар облысында қоғамның құқықтары мемлекеттік органдар тарапынан қолдау табады, – деп түсіндірді эколог.
Форум қатысушылары Орхус орталықтарының экологиялық демократияны ілгерілетудегі және ашық басқаруды қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтті. Олар азаматтарды, билік пен бизнесті экологиялық мәселелерді шешуге тартудың маңыздылығын, сондай-ақ Финляндияның гендерлік теңдік пен инклюзия қағидаттарына берік екенін атап өтті. Бұл – жастар мен мүмкіндігі шектеулі адамдардың ЕҚЫҰ қызметіне қатысуынан көрініс табады.
Биылғы Орхус орталықтарының кездесуін өткізуге Италия, Германия және Норвегияның ЕҚЫҰ-ның «Орталықтарды нығайту арқылы экологиялық басқару мен орнықты дамуға жәрдемдесу» атты бюджеттен тыс жобасына қосқан қаржылық үлесі мүмкіндік берді.
Фото: Светлана Могилюк