Баянауыл ауданында экоакция өтті
Орманшыларға елорда мен өңірдің мектеп оқушылары және колледж студенттері көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының 39 жылдығына орай халық демалатын аумақта санитарлық тазалау ұйымдастырылды.
– Экологиялық акцияны өткізуге орманшыларға облыстағы және елордадағы мектептер мен колледж студенттері көмектесті. Ұлттық саябақтың аумағын демалушылардың қалдырған қоқыстарынан тазартуға Астана, Павлодар, Екібастұз қалалары мен Атамекен кентінің еріктілері қатысты. Барлық еріктілер адал еңбек етті, – дейді ұйымдастырушылар.
Қатысушылардың арасынан ерекше көзге түскен Атамекен кентінің №33 мектеп оқушысы Фатима есімді қыз болды. Ұлттық саябақ қызметкерлері қызға алғыс ретінде оған салпыншақ пен саптыаяқ салынған фирмалық сөмке мен ақшалай сертификат табыс етті.
Сондай-ақ парктің мерейтойына орай Шонай ауылында балалар арасында спорттық жарыстар өткізілді.
– Турнир доп тебу, арқан тартыс және кеудені жерден көтеру бойынша өтті. Сайыс соңында барлық жеңімпаздар мен қатысушыларға сыйлықтар мен жүлделер табыс етілді.
Мейіржан Теміров бас жүлде – теледидарды жеңіп алды.