Павлодар жастары экологияны ойын арқылы насихаттады

Павлодар жастары экологияны ойын арқылы насихаттады
Фото: Автор

Шараға 40-тан астам оқушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыста «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында «Таза ел - Таза жүрек» атты іс-шара өткізілді. Шара «Жасыл ел» еңбек жасағының облыстық штабының ұйымдастыруымен жүзеге асты. Жоба №27 жалпы орта білім беретін мектепте өтті. Оған сегізінші сыныптың 40-тан астам оқушысы қатысты.

Бағдарлама экологиялық-еріктілер интерактивтік форматта ұйымдастырылды. Оқушылар бірнеше ойын станциясында экология тақырыбындағы тапсырмаларды орындады. Сонымен қатар, бес минут ішінде өздерінің экологиялық жобасын ойлап тауып, қысқа бейнеролик түсірді.

Облыстық «Жасыл ел» штабының менеджері Әйгерім Түсіпбекова шараның мақсаты балаларды экологиялық белсенділікпен таныстыру екенін айтты.

- Бүгін біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық даму бағытында іс-шара өткіздік. Бұл шара еріктілер қозғалысы, экологияны және балалардың шығармашылық дамуын біріктіреді. Оқушылар қызықты тапсырмалар арқылы еліміздегі экологиялық даму бағыттарымен танысуға мүмкіндік алды. Болашақта осы қозғалысты әрі қарай дамыта алады деп сенеміз, - деді ол. 

Оның айтуынша, мұндай экологиялық шаралар мектептерде, колледждерде және өзге де білім беру ұйымдарында тұрақты түрде өткізіліп келеді.

 №27 мектептің оқушысы Иван Подтихов экологиялық акцияларға үнемі қатысатынын жеткізді.

- «Таза Қазақстан» қозғалысын толықтай қолдаймын. Қазір пластик пен қоқыс мәселесі өте өзекті. Менің ойымша, жастар айына бір рет болсын ерікті түрде қала көшелеріне шығып, қоқыс жинау акцияларын ұйымдастырып тұрулары қажет. Соңғы рет сенбілікке қатысып, мектеп маңындағы қоқысты тазалап, ағаш отырғыздым, - деді оқушы.

Ұйымдастырушылар мұндай жобалар арқылы жасөспірімдердің табиғатқа жанашырлықпен қарап, қоршаған ортаны қорғауға үлес қосатынына сенім білдіреді.