Павлодарлықтар оңтүстіктің «академистерінен» қарымта қайтара ала ма?

Павлодарлықтар оңтүстіктің «академистерінен» қарымта қайтара ала ма?
Фото: Константин Шелков

Кездесу зор маңызға ие, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда футболдан Қазақстан Бірінші лигасының жетінші турында «Ертіс» пен «Оңтүстік академиясы» кездеседі. Чемпионатты сәтсіз бастаған оңтүстіктіктер қатарынан үш жеңіске жетіп, кестенің алтыншы сатысына көтерілді. Соңғы турда «академистер» осал деуге болмас Алматының «Хан Тәңірін» Шымкентте 4:2 есебімен ұтқан болатын.

«Ертіс» ойыншылары бұрынғы бас бапкер Қайрат Нұрдәулетовтің командадан ұзағанынан кейін абыржып қалғаны анық. Команда тізігіні уақытша Валерий Белгібаевқа тапсырылды. Соңғы ойында бапкерлер құрамға біраз өзгерістер енгізіп, ұжымдағы көңіл-күйді өзгертуге тырысты. Осы орайда оңтүстіктіктерге қарсы кездесудің маңызы зор.

Бұл команданың 2024 жылғы Қазақстан Кубогында «Ертістің» жолын кесуі де кездесу көркін қыздыра түседі. Павлодар мен Шымкент футболшылары арасындағы плей-офф матчы кезінде алаңда қиянкескі тартыс орын алып, шымкенттіктер футболдың құйтырқы әрекеттерін сәтті қолданды. Сол кезде Владимир Воменконы әбден састырған «Оңтүстіктің» шабуылшысы Жавлонбек Бабаназаров ерекше құлшыныс танытқаны есте қалды.

Ұсақ фолдар нәтиже берді: павлодарлықтар ақыры ашуға булығып, ойын тізгінін қарсыласқа беріп қойды. Нәтижесінде «Ертіс» сол баяғы Жавлонбек Бабаназаровтың голына жауап қайтара алмай, турнирден шығып кетуге мәжбүр болды.

Оңтүстіктің шабуылшысы әлі де команда үшін өнер көрсетуде, сондықтан Владимир Воменко мен оның жерлестерінің есесін қайтаруға толық мүмкіндігі бар. Павлодарлықтар өз командасына қиын сәтте қолдау көрсетуі керек.

«Ертіс» - «Академия Оңтүстік» матчы 22 мамырда Павлодар қаласының орталық стадионында өтеді. Матч сағат 19.00-де басталады, кіру тегін.