Павлодарда Премьер-Л0000002игаға оралған «Ертіске» құрмет көрсетілді

Павлодарда Премьер-Л0000002игаға оралған «Ертіске» құрмет көрсетілді
Фото: Валерий Бугаев

Бұл тарихи жетістік аты аңызға айналған команданың 60 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шаһарда 2025 жылғы маусымды жоғары нәтижемен аяқтап, Қазақстан Премьер-Лигасына қайта оралған «Ертіс» футбол клубының ұжымын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

«Ертіс» футбол клубы даңқ пен жеңіске толы тарихи алпыс жылдық жолдан өтті. Команда – Қазақстанның бес дүркін чемпионы, ел кубогының иегері және ұлттық біріншіліктердегі медаль саны бойынша рекорд иесі. 60 жыл ішінде клуб КСРО, Қазақстан чемпионаттарында, сондай-ақ Азия мен Еуропа ареналарында екі мыңнан астам ойын өткізді. Клуб жанкүйерлері мәскеулік «Локомотив», ташкенттік «Пахтакор», польшалық «Ягеллония» және болгариялық «Левски» командаларын жеңген тарихи ойындарды әлі күнге дейін еске алады. Клуб тарихындағы ерекше жетістіктердің бірі – Азия чемпиондар кубогындағы төртінші орын, бұл – қазақстандық футболдағы ең жоғары нәтижелердің бірі.

Клубтың тағдыры жеңіл болған жоқ. 2020 жылы «Ертіс» қаржылық қиындықтарға байланысты жұмысын тоқтатып, 2022 жылы ресми түрде банкрот деп танылды. 2023 жылы Асайын Байхановтың басшылығымен клубты қайта жандандыру жұмыстары басталды.

– Мен облыс әкімі болып тағайындалған сәттен бастап, маған «Ертіс» футбол клубын қайта жандандыру туралы көптеген өтініштер келіп түсті. Біз бұл істің оңай еместігін түсіндік, бірақ серіктестер, демеушілер, жанкүйерлер және мүдделес жандармен бірге бұл істі қолға алдық. Ал, бүгін «аңыз оралды» деп нық сеніммен айта аламыз! Бұл тек футбол клубы ғана емес – бұл тарих, қуаныш және бірнеше буын ұрпақтың ортақ естелігі, – деп атап өтті өңір басшысы.

Жүйелі жұмыстың нәтижесінде «Ертіс» футбол клубы қайта жанданды. Клубтың қаржылық тұрақтылығын қалпына келтіру, демеушілер тарту, тиімді басқару үлгісін құру және жергілікті футбол мектебін дамыту мақсатында арнайы Жол картасы әзірленді. Шетелдік легионерлерді алмай өзіміздің ойыншыларды тәрбиелеуге басты назар аударылды.

Элиталық лигаға жол екінші лигадағы ойындардан басталды. Команда біртіндеп барлық кезеңдерді еңсеріп, құрамын нығайтып, командалық рухын күшейтті. Бірінші-лиганың 24-турындағы ойын шешуші сәт болды – павлодарлықтар қарсылас команданы 7:1 есебімен айқын жеңіп, Премьер-лигаға жолдама алды.

Облыс әкімі Асайын Байханов ойыншыларды, бапкерлерді, ардагерлер мен жанкүйерлерді осы жетістікпен құттықтап, бұл нәтижелердің артында жылдар бойғы қажырлы еңбек, сенім және футбол клубына деген зор сүйіспеншілік жатқанын атап өтті.

– Бұл сәтті мыңдаған павлодарлықтар күтті. Біз ұзақ жолдан өттік – екінші лигадан бастап биікке дейін көтерілдік. Клубты қайта жандандыру туралы батыл шешім дұрыс болды, – деді Асайын Байханов.

Табандылықтың, Қазақстан футбол федерациясымен тиімді ынтымақтастықтың, демеушілер мен жанкүйерлердің қолдауының арқасында клуб екінші рет өмірге келіп, еліміздің футбол картасындағы лайықты орнына қайта жайғасты.

Салтанатты шарада облыс әкімі клубқа арнайы сыйлық сертификатын табыстап, команда капитаны Руслан Есімовке кәсіби шеберлігі, көшбасшылық қасиеттері және клубтың жетістігіне қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Ризашылық белгісі ретінде футболшылар Асайын Байхановқа 2025 жылғы маусымның естелік медалін және ойын жейдесін сыйға тартты.

5

Сонымен қатар, клубты қайта жандандыру ісінде ерекше үлес қосқан демеушілер мен серіктестерге алғыс хаттар табысталды. Марапатталғандар қатарында – Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, клуб ардагері Мұхит Омаров, сондай-ақ «Ертіс» ардагері және қоғам қайраткері Александр Вербняк бар.