Алматылықтар «Ертіс» футболшыларына «күтпеген тарту» жасады

Алматылықтар «Ертіс» футболшыларына «күтпеген тарту» жасады
Фото: «Ертіс» ФК

«Ертіс» сырт алаңда алматылық «Қайрат-Жастармен» ойнады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Төрешінің ысқырығымен оңтүстік астаналық жастар шабуылға шықты. Осы сәттерде «Ертістің» тағдыры шынымен де алаңдатты – алматылықтар қонақтарды өз жарты алаңдарынан шығармай қойды. Ринат Әлеуетовтің қорғаныстағы тоқтаусыз эксперименттері де сенім ұялата қоймады: павлодарлықтардың бас бапкері қорғаныс шебін тағы да қайта жасақтап, орталықта қапталдағы ойыншы Әділхан Добайды және алаңның ортасында ойнауға бейім Артем Поповты шығарды.

Рамазан Бағдаттың есеп ашуға жақсы мүмкіндігі болғанымен, Қазақстан футболының жаңа есімінің соққан добы қақпа бағанасына тиді. Осыдан кейін Тамерлан Ағыманов сөз алды. Оң қапталда белсенділік танытқан «ондық» бір шабуылда айып алаңына асырған добын қорғаушы Асқар Бижан өз қақпасына бағыттады. Біраз уақыттан кейін Тамерлан Ағымановтың өзі де бірнеше қорғаушылардың қоршауында қалып, сол аяғымен күтпеген жерден соққы жасап, допты алыс бұрышқа дәл тигізді – 2:0.

Бұл оқиғалар «Қайраттың» жастарын әбден есеңгіретсе, павлодарлықтар керісінше сенімдірек ойнап, матчта жеңісті нүкте қоя білді. Кездесу соңында Матвей Герасимов өзінің дебюттік голын соқты – 3:0.

«Ертіс» «Каспийді» өкшелеуді жалғастыруда, айырма бес ұпайды құрап тұр. Павлодарлықтар келесі кездесуін өз алаңында өткізеді. 1 тамыз күні бес дүркін ел чемпионы басты қарсыластарының бірі қарағандылық «Шахтерды» қабылдайды.