Павлодарда Шәкен Аймановтың мерейтойына орай фестиваль өтті
Әйгілі режиссердің немере інісі фестивальдің ұйымдастырылуын жоғары бағалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«AMANAT» партиясының облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, 15 ақпан күні «Кітап Аманат» партиялық жобасы аясында Әбусейітов атындағы мәдени демалыс орталығында дарынды кинематографист, режиссер, актер, халық әртісі, жерлесіміз Шәкен Аймановтың 110 жылдық мерейтойына арналған «Біздің сүйікті Шәкен» фестивалі өтті. Іс-шараны аталмыш партия, «Жастар рухы» жастар қанаты, Естай атындағы мәдениет сарайы және Бұқар жырау атындағы Әдебиет және өнер мұражайы бірлесіп ұйымдастырды.
– Шәкен Айманов Қазақстанның кинематографиялық саласында терең әрі маңызды тарихи із қалдырды, оның дамуына зор үлес қосты. Дарынды режиссер халықтың жадында мәңгі қалады, оның фильмдерін тек аға буын өкілдері ғана емес, жастар да қызығушылықпен қарайды. Біздің басты міндетіміз – атақты жерлесіміз ұрпақтар үшін қалдырған мұраны сақтау және насихаттау, – деді партияның облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.
Фестивальді ұйымдастыруды Шәкен Аймановтың туысы, режиссердің немере інісі Тоқжан Мұзапаров жоғары бағалады. Ол Шәкен Аймановтың тұлғасы мен шығармашылығына қызығушылық танытқаны үшін барлығына алғысын білдірді.
Мәдени демалыс орталығының сахнасында жергілікті ақындар мен әншілердің орындауындағы сүйікті кинофильмдерден өлеңдер мен әндер шырқалды, содан кейін «Тақиялы періште» фильмінің көрсетілімі ұйымдастырылды.