Павлодарда өткен ғасырдың танымал айтыскерлері бас қосты

Павлодарда өткен ғасырдың танымал айтыскерлері бас қосты

Тыңдармандарын сағындырған сегіз ақын айтысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында «Айтыстың алтын ғасыры» атты республикалық ретро-айтысы өтті.

Жыр додасының көрігін қазір айтыс аламанында көп көріне бермейтін аға буын ақындар қыздырды. Атап айтқанда, Қуаныш Мақсұтов, Айтақын Бұлғақов, Серік Құсанбаев, Жұмкен Сейітов, Серік Қалиев, Бейсенбі Мұқажан, Серік Ыдырыс, Алтынкүл Қасымбекова сынды саңлақтар сөз маржанын терді.

Адуынды, халықтың мұң-мұхтажын жыр жолымен айта білген, өзіндік дара жолын салған ақындар төрт жұп болып сынға түсті.

–  Көпшіліктің сұрауымен және басшылықтың қолдауымен өңірімізде алғаш рет кең көлемде ретро-айтыс ұйымдастырып, 80-90 жылдардағы от ауызды, орақ тілді, аға буын ақындардың басын қосып отырмыз, – деді облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан.

Оның айтуынша, мұндай шара орта буынды сағынған тыңдармандардың құлақ құрышын қандырып, көзайым болсын деген мақсатта өткізіліп отыр.

–  Айтыс аламанында жүргеніме 40 жыл толды, алайда Ертіс өңіріндегі айтысқа бірінші рет келіп отырмын. Ел көрдім, жер көрдім, талайдан бері жүздесе алмай жүрген замандастарды көріп, қуанып отырмын, – дейді республикалық, халықаралық ақындар айтысының жеңімпазы Алтынкүл Қасымбекова.

Өткір сөз, шынайы әзілімен, ұшқыр ойымен кешегі Біржан сал мен Сара қыздың айтысының сарынын үзбей, бүгінгі күнге жеткізген ақын апа талай шәкірт тәрбиелеп жүр.

Жыр додасына қатысқан әр ақынға Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өлеңдері, рауаяттары, дастандары топтастырылған 10 томдық жинағы мен бес жүз мың теңге қаржылай сыйлық табыс етілді.