Көктемнің сәні: Павлодарлық жігіт үйінде алты мың қызғалдақ өсірді

Көктемнің сәні: Павлодарлық жігіт үйінде алты мың қызғалдақ өсірді
Фото павлодарлықтың жеке мұрағатынан

Жас жігіт өндірісте жұмыс істейді, бірақ биыл өзін жаңа істе сынап көрді. Ол гүл өсірумен айналысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Эмиль (спикердің өтініші бойынша есімі өзгертілді) небары 40 шаршы метр аумақта шағын плантация жасап, павлодарлықтарды қуантуды мақсат етті.

Голландиялық пиязшықтарды ол алматылық жеткізушілер арқылы алған. Қазір тоғыз сорт қызғалдақ гүлдеп тұр.

– Мен гүлдерді өсіретін жерді жылыжай деуге келмейді. Бұл шағын орын ғана. Неге дәл қызғалдақ? Себебі оларды менің үй жағдайымда өсіруге болады. Ал раушан, мысалы, топыраққа отырғызуды қажет етеді, ал отырғызатын материалы көпжылдық. Өсіру технологиясында күрделі талаптар бар, – дейді Эмиль.

Қызғалдақ өсірудің де өз қиындығы бар: технологияда қателік жіберсең, бүкіл партиядан айырылуың мүмкін.

– Барлығы пиязшықты дайындаудан басталады. Оған алдын ала қыс мезгілі сияқты климат қалыптастыру керек: әуелі суық, кейін жылымық, содан соң өскіндер мен тамырлар пайда болады, ал кейін гүл өседі. Дұрыс салқындатпасаң, бүкіл партия жарамсыз болып қалады. Тәжірибе мен білім жетіспесе, толыққанды гүлдің орнына тек жапырақ шығады. Қызғалдақтың орташа биіктігі – 40–50 сантиметр, технологиядан мүлт кетсеңіз, небары 20 сантиметр ала аласыз. Ылғалдылық жоғары болса, өсімдік бүлінеді: ұсақ болып қалады да, лақтырып тастауға тура келеді. Қиындықтары өте көп, – дейді Павлодар тұрғыны.

Айта кетейік, Эмиль гүл өсіруге өздігінен машықтанған. Бұрын әріптестеріне көмектескен, кейін өзі жеке айналысып көрді. Интернеттегі ақпарат пен саябақтағы тәжірибесі да оң септігін тигізді.

Қазір  құшақ-құшақ гүл Павлодар дүкендеріне жеткізіліп жатыр. Эмиль гүлге деген сүйіспеншілігі мен еңбегі тек эстетикалық ләззаттан бөлек, электр қуаты мен тыңайтқышқа кеткен шығынды жабатын табыс әкеледі деген үмітте.

Эмильдің айтуынша, әр сұрыптың өз ерекшелігі бар.

– Қызғалдақ бірнеше түрге бөлінеді: триумф – классика, қатаң әрі әсем көрінеді. Пион тәрізділері – қалың гүл жапырағымен таңғалдырады, кішкентай раушанға ұқсайды. Ал тотықұс тәрізділері ерекше, қиялға толы жапырақтарымен көз тартады. Әсіресе, пион тәрізділері қатты әсер қалдырады: классикалық гүлде әдетте сегіз күлтежапырақ болса, бұларда он алтыдан асады. Соның арқасында гүл шыныаяқтай ашылып, ерекше сәнді көрінеді, – дейді Эмиль.

Бұл істі жалғастыра ма, жоқ па? Павлодарлық жігіт бұл сұраққа әзірге нақты жауап білмейді. Бірақ, бір нәрсе анық: бұл іс оның жүрегіне жақын.