«Mamandyk Fest»: Павлодарда түлектер үшін мамандықтар жәрмеңкесі өткізілді

«Mamandyk Fest»: Павлодарда түлектер үшін мамандықтар жәрмеңкесі өткізілді
Фото: Әсем Айыпова

Оған өңірдің ауыл мен қалаларының мектеп бітірушілері қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі

Естай атындағы мәдениет сарайында облыстық білім беру басқармасының ұйымдастыруымен колледжге түскісі келетін 9-сынып бітірген оқушылар үшін «Mamandyk Fest» атты іс-шарасы өтті. 

Мақсаты – түлектерге облыстағы колледждер туралы пайдалы, қажетті ақпарат жеткізу. Іс-шараға барлығы 44 колледж ұйымы қатысты.

– Олар техникалық және кәсіптік білім беру колледждерінде білім алғысы келетін оқушыларға кәсіби бағдар берді. Алаңда мектеп түлектеріне колледждерде жасалатын қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктер жайлы түсіндірілді, – деп атап өтті облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Екібастұз политехникалық колледжі автомеханих мамандығының бірінші курс студенті Самат Аманжол іс-шара өте жоғарғы деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. 

– Колледжде сапалы білім алу, жарыстарға қатысу бойынша мүмкіндік өте көп. Білім ордамызда әртүрлі мамандықтар бойынша оқуға болады. Жатақханамыз да өте қолайлы орналасқан, барлық жағдай жасалған. Оқу орны жаңа, іші әдемі, – деді Самат Аманжол.

Ұйымдастырушылар бұл іс-шара мектеп бітіруші түлектер, колледждер мен жұмыс беруші әлеуметтік серіктестерге де тиімді алаң болады деп есептейді.

Айшабибі Алтынбек