Павлодарлық оқушылар қалалық кезеңде зерттеу жобаларын қорғады
Байқауға төрт бағыт бойынша 200-ден астам зерттеуші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық білім беру бөлімі баспасөз қызметінің мәліметінше, Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектебінде жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық зерттеу жобалар байқауының қалалық кезеңі өтті.
Байқауға қаланың 36 орта мектебінен 218 оқушы қатысты. Қазақстан Республикасы Білім министрлігі бекіткен 4 бағыт бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы 218 жас зерттеуші өз жұмысын қорғады:
- «Физика», «Технология», «Жер және ғарыш туралы ғылым» бөлімдерінде «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны ретінде»;
- «Математика», «Қолданбалы математика», «Экономика», «Информатика» бөлімдерінде «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу»;
- «Биология», «Химия», «Қоршаған ортаны және адам денсаулығын қорғау» бөлімдерінде «Қазақстан 2050» стратегиясын іске асырудың негізі – салауатты табиғи орта»;
- «Тарих», «Өлкетану», «Этномәдениеттану», «Әдебиет», «Тіл білімі», «Адам және қоғам» бөлімдерінде «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және перспективалы туристік маршруттар».
Қатысушылар арасынан 151 оқушы жеңімпаз және жүлдегер атанды. Бірінші орынды 20, екінші орынды 60, үшінші орынды 71 оқушы иеленді.
Оқушылардың орындау нәтижелері бойынша «Ең үздік қалалық команда» номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен Ә. Бөкейхан атындағы лицей-мектеп, ІІ дәрежелі дипломмен № 2, 7, 17, 35, ІІІ дәрежелі дипломмен № 11, 21, Ж. Тәшенев атындағы, А. Байтұрсынұлы атындағы мектептер марапатталды.
Байқау қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен ІІ орынға ие болған қатысушылар ағымдағы жылдың қазан айының соңында өтетін облыстық іріктеу кезеңіне қатысады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің толық тізімі «Павлодар дарыны» орталығының ресми сайтында жарияланған.