Майқайыңдық спортшылар Таразда жеңіске жетті

Майқайыңдық спортшылар Таразда жеңіске жетті
Фото: Олжас Кәкімжановтің жеке архивінен

Тараз қаласында бочча паралимпиадалық спорт түрінен республикалық ашық турнир өз мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Елдің 12 өңірінен келген спортшылар жекелей сында бақ сынап, жеңіс тұғыры үшін тартысты. Бұл туралы Майқайың №2 жалпы орта білім беру мектебінің дене шынықтыру пәні мұғалімі Олжас Кәкімжанов хабарлады.

Жарыс қорытындысы бойынша Баянауыл ауданы Майқайың №2 жалпы орта білім беру мектебінің оқушылары жоғары нәтиже көрсетті. Мысалы, Геннадий Лупанчук жастар арасында чемпион атанса, Диана Тимершина жасөспірімдер ішінде жеңіске жетті. Сондай-ақ, Қайсар Қажыкеев жасөспірімдер арасында үшінші орынға ие болды.

- Осындай мүмкіндік жасағаны үшін «Павлодар облысы бочча паралимпиада федерациясының» басшысы Адия Асаинқызына және мектеп басшысы Жанат Аманғазықызына алғыс білдіреміз. Сонымен қатар шәкірттерге қолдау көрсетіп, қаржылай көмек берген барлық демеушілерге ата-аналар мен оқушылар атынан зор ризашылық білдіреміз, - деді Олжас Кәкімжанов.

Олжас Кәкімжановтың айтуынша, мектеп пен облыстық бочча федерациясы арасында меморандум жасалып, оның аясында филиал ашылған. Осы бастаманың арқасында оқушылар Тараз қаласына барып, жоғары нәтижеге қол жеткізді.