Павлодар облысында балалардың шығармашылығын дамытатын үш орталық ашылады
ҚР Оқу-ағарту министрі Павлодар облысы әкімінің орынбасары мен облыстық білім беру басқармасының басшысын қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми Telegram-каналының мәліметінше, министрге Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалуы, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы, білім сапасын арттыру және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы баяндалды.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша өңірде апаттық мектеп мәселесі толығымен шешілді. Жыл соңына дейін қосымша білім беру бойынша үш орталық ашылады. Атап айтқанда, Павлодар қаласында «Алтын сақа» шығармашылық орталығы – 2000 орынға арналған, Екібастұз қаласында «Самғау» шығармашылық орталығы және де Ертіс ауданында қосымша білім беру мекемесі қолданысқа берілмек. «Жайлы мектеп» жобасы бойынша екі мектепті қолданысқа беру жоспарланған.
Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының есебін тыңдаған Ғани Бейсембаев балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді күшейту, психологиялық көмек қызметінің ауқымын кеңейту, өз жұмысында жоғары көрсеткіштерге жеткен педагогтерді қолдау бойынша тапсырмалар берді.
– Білім саласының әрбір басшысы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, балалардың білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасауға аса көңіл бөлуі тиіс. Мемлекет ол үшін жан-жақты қолдау көрсетуде, заңнамалық шаралар, психологиялық қызметтің рөлі күшейтілді, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі бекітілді. Тағы да қайталап айтамын, бала қауіпсіздігі – біздің ортақ міндетіміз. Балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және қауіпсіздік шараларын күшейту бойынша жұмыстардың тиімділігін арттыра отырып, жалғастыру керек, – деді министр.
Ведомство басшысы елімізде екінші жыл қатарынан басқарушылардың жаңа құрамын жасақтау жөніндегі «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы жүзеге асырылуда екенін атап өтті. Павлодар облысы білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазинаға білім сапасын, кадрлық әлеуетті арттыру, сондай-ақ «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы шеңберінде балалармен, ата-аналармен ынтымақтастықта жұмыс жасауды арттыру жөнінде тапсырмалар берді.
– «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында облыс орталығында психологиялқ-педагогикалық орталық ашу жоспарлануда. Бүгінгі таңда қаулы қабылданып, жалпы құрамы жасақталып жатыр. Жоспар бойынша орталық 1 қыркүйекте ашылады, – деді Самал Айтқазина.
Айта кетейік, қазіргі таңда Павлодар облысында 33 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.