Май ауданында титан-цирконий концентратын шығаратын кәсіпорын салынады

Май ауданында титан-цирконий концентратын шығаратын кәсіпорын салынады
Фото: Валерий Бугаев

Жобаның жалпы құны 27 миллиард теңгеден асады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, «Druzhba Mining» ЖШС Май ауданындағы «Дружба» кен орнында титан-цирконий концентратын шығаратын кәсіпорын салуды жоспарлауда.

Жоба кезең-кезеңімен іске асырылатын болады: 2025-2026 жылдары бірінші кезеңді, 2026-2027 жылдары екінші кезеңін іске қосу жоспарлануда. Кәсіпорын толық қуатқа шыққаннан кейін жыл сайын 77 мың тоннадан астам концентрат өндіріп, өңір тұрғындарын 200-ге жуық жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ететін болады.

Жобаның инфрақұрылымдық құрамдас бөлігі қуаттылығы 5 МВт-қа дейінгі электрмен жабдықтау желісін салуды, 70 шақырым топырақ жабынды автожол салуды, Ертіс өзенінен су құбырларын тартуды және ұңғымалар қазуды, сондай-ақ Көктөбе ауылында теміржол кірме жолын салуды көздейді. Қазіргі уақытта компания геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуде және жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуде.

Облыс әкімі Асайын Байханов жобаның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті. Ол Май ауданының әкімдігі мен бейінді басқармаларға жобаны іске асырудың барлық кезеңдерінде инвесторға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды.

– Барлық ұйымдастыру мәселелері уақтылы және жедел түрде шешілуі маңызды. Бұл өңірде заманауи өндірістің ашылуына, жаңа жұмыс орындарының құрылуына және бюджетке қосымша түсімдердің түсуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Инвестормен кездесу барысында кәсіпорынды инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, коммуникацияларды тұтыну көлемін келісу, сервитуттарды ресімдеу және жер учаскелерін жалға алу мәселелері талқыланды.