Павлодарда «Жыл айтыскері» аталымы кімге бұйырды?
Жыр додасында 10 ақын өнер көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығында «Жыл айтыскері-2023» облыстық ақындар айтысы ұйымдастырылды. Дүбірлі додада облыстық, республикалық айтыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері қатысты. Айтыста Мәрес Байрон, Абзал Қабдраш, Мизан Жұмәлі, Нұрбек Бәкір, Ерлан Аманқожа, Бөкен Жігер, Гүлшекер Батай, Қайролла Хафиз, Алпысбай Хонж, Оразбек Саяхат сынды ақындар бақ сынады.
– Мұндай айтыс алғаш рет ұйымдастыруда. Облыстық айтыскерлер одағынының басшысы Асығат Тұрғанбек осы форматты ұсынған соң, бірден қолдай кеттік. Келесі жылы да жалғасын табады деген ойдамыз. Айтыста ақындардың жұптары жеребе тартумен анықталмақ, – дейді «Шаңырақ» халық шығармашылығы орталығының басшысы Замира Солтанова.
Сонымен қатар, жас айтыскерлер де сынға түсті. Облыстық, республикалық додалардан көрініп, жүйріктермен бірге шауып жүрген Нұрбек Бәкірдің жасы небәрі 20-да. Ол ағымдағы жылы Мұзавар Әлімбаевтың 100 жылдығына арналған ақындар айтысында бас жүлде, Петровал сынды қалаларда өнер көрсетіп, жүлдегерлер қатарынан көрініп жүрді.
– Биыл мен үшін жемісті жыл болғаны жалған емес. Алла ауызымызға сөз салса, шабуға дайын отырмыз. Арқаның жігіті болған соң қарсылас ретінде Гүлшекер Батай түссе деп отырмын, – деді жас ақын айтыс алдында.
Байқау қорытындысы бойынша «Жыл айтыскері» аталымынын Абзал Қабдраш жеңіп алды. Оған арнайы жасалған домбыра мен 500 мың теңгелік сертификат табысталды.