Павлодарда баянауылдық әншінің 95 жылдығына орай көрме өтеді

Павлодарда баянауылдық әншінің 95 жылдығына орай көрме өтеді
Фото: pexels.com

Суат Әбусейітов 40 жылдан астам еңбек жолында қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ариялар жазып қалдырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

5 қарашада сағат 11:00-де Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген әртісі,  әнші, киноактер Суат Әбусейітовтың 95  жылдығына орай «Тербеледі тың дала» атты көрме ұйымдастырылады.     

Әнші 1929 жылы 4 қарашада  Павлодар облысы Баянауыл ауданының Қызылтау өңірінде дүниеге келген. Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның вокалды – ән факультетінде оқып жүріп, «Қазақфильм» студиясында «Бұл шұғылада болған еді», «Біз мұнда тұрамыз», «Найзатас баурайында» тағы басқа көптеген  толық метражды фильмдерге түседі.  1955-1963 жылдар аралығында  Қазақ Мемлекеттік академиялық ән-би ансамбльінде әнші-вокалист,  1963 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қазақ теледидары мен радиосының эстрадалық-симфониялық оркестрінде әнші болып қызмет атқарды. 

40 жылдан астам еңбек жолында қазақ радиосының алтын қорына екі жарым мыңдай ән, романс, ариялар жазып қалдырды. 1957 жылы Мәскеуде өткен Жастар мен студенттердің Бүкілодақтық фестивальінде халық әндерін үздік орындағаны үшін І  дәрежелі диплом алып, фестиваль лауреаты атанды.  

Сонымен қатар Мемлекеттік академиялық Құрманғазы атындағы ұлттық аспаптар оркестрімен Болгария, Монғолия, Чехославакия, Германияда, басқа да көптеген шет елдерде концерттік сапармен  өнер көрсетіп, қазақ әндерінің әуезділігін өзге жұрттардың тыңдаушыларына жеткізе білді. 

Іс-шара барысында жергілікті әншінің орындауында танымал әндер шырқалады. Сондай-ақ әншінің жеке заттары мен құжаттары қойылған шағын көрме ұйымдастырылады.