Павлодарлық актриса: Өнер сұлулық пен адалдықты талап етеді
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде Талжібек Атамбектің 60 жасқа толуына орай «Театр – тағдыр тұмарым» атты кездесу өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталмыш мерейтойға Жүсіпбек Аймауытов атындағы музыка-драма театрының басшысы Темірбек Арман, театр әртістері және өңіріміздің ақ жаулықты әжелері, студенттер қатысты.
Талжібек Атамбек өнер жолын сонау мектеп қабырғасынан жанды дауыста ән айтудан бастаған. Кейін 8-9-сынып оқып жүргенде Талдықорған театры гастрольдік сапармен келгенде сахна ойындарын тамашалап, актриса болуға деген құштарлық пайда болған.
– Мен сол кезде эстрада әндерін жақсы көретін едім. Арманым Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы көркем сурет және театр институтына оқуға алып келді. Біздің жерлесіміз профессор, кино әртісі, опера әншісі Кәукен Кенжетайұлының қарамағында бес жылдық оқуымды тәмамдадым. Өнердің бір ұшқыны менің нағашы жұртымнан келді, себебі, анам домбырада ойнап, ән айтады. Анам домбырасын қалдырмайтын. «Тәрбие әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен келеді» демекші, ата-анамның тәрбиесі мені осылайша құдіретті әрі киелі сахнаға алып келді, – дейді актриса.
Өнер иесі 1986 жылы оқуды бітіргеннен кейін С. Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыка-драма театрының режиссерінен Қыз Жібек рөліне шақырту алған. Осылайша ең алғашқы рет Қыз Жібек рөлін сомдаған. Кейін Ертіс-Баян өңіріне келіп, 90-жылдары Ж. Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театрында ойнай бастаған. Содан бері театрда жастарға тәлім-тәрбие, білім беріп, қызмет атқарып келеді.
– Алғаш рөл сомдаған кезде, әрине, қатты қиналасың. Неге десеңіз, бірден рөлге кіру, оны сомдау – өте қиын. Себебі, біз студент болып келе салдық, Қыз Жібектің сыңғырлап күлетін жері болды, мен оны бірден сомдай алмадым, ол үлкен еңбекті қажет етті. Алланың қолдауымен отбасыдағы және өнердегі қиындықтарды бастан өткердік. Қазір міне, өзімді бақытты әйел, бақытты анамын деп санаймын, – дейді ол.
Айтуынша, өзіне ыстық, ең ерекше сомдаған рөлі – «Келіннің бетін кім ашты?» және «Қыз Жібек» рөлдері. Ол жастарды үлкенге құрмет көрсетуге шақырады.
– Біріншіден, «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» демекші, үлкенді сыйлаған адам ғибрат алады. Екіншіден, өз мамандығыңды жақсы көріп, адал болып, жалқаулықтан аулақ болу керек. Үшіншіден, әр уақытта позитивте жүру керек. Сахнаның өзіндік құдіреті бар. Біз көрермендердің көңілінен шығу және есінде қалу үшін әрқашан өзімізді сақтап қалуға тырысамыз. Көрермен сұлулықты, әдемілікті қалайды. Сол үшін де спортпен шұғылданамыз, дұрыс тамақтанамыз, жақсы көңіл күйде жүруге тырысамыз, – дейді актриса.
Айта кетейік, Талжібек Атамбек 2005 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» белгісімен, 2011 жылы «ҚР Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. М.Әуезовтің «Айман - Шолпан» музыкалық комедиясында – Айман, Ғ.Мүсірепов, Е.Брусиловский «Қыз Жібек» операсында – Жібек, Ә.Тәжібаевтың «Майрасында» – әнші Майра, Ш.Айтматовтың «Ана - Жер - Анасында» - Жекшенқұлдың әйелі, С.Балғабаевтың «Ең әдемі келіншек» драмасында – Гүлбаршын, Б.Жақиевтың «Әке тағдырында» – Бурыл және т.б. рөлдері арқылы көрермендер тарапынан жоғары бағаға ие болды.
Наргиз Күбеш