Үндістандық суретші Павлодар облысының қысқы пейзажын бейнеледі

Үндістандық суретші Павлодар облысының қысқы пейзажын бейнеледі
Фото: автор

Ал жергілікті әуесқой суретшілер шет елдің көрікті жерлерін қағазға түсірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

С. Торайғыров атындағы облыстық кітапхананың «Айна» галереясында «Өзеннің ғажайып түстері 2024 Қазақстан – Үндістан» атты акварель жұмыстарының көрмесі ашылды. Онда «Немалевичи» акварель шеберханасы және Курукшетра университетінің профессоры Рам Виранжанның акварельді суреттері назарға ұсынылды. Көрменің ашылуына Үндістанның Қазақстандағы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда атындағы мәдени орталықтың бірінші хатшысы Санжай Веди мырза қатысты.  

–  Рам Виранжа Қазақстанға келіп, бірнеше ай тұрған. Оған осындағы қыс мезгілі ұнап, қолынан әдемі картиналар туды. Кей жұмыстарды өзі болған жерден бейнелесе, бірқатар суретті оған елдегі достары жіберген фотоға қарап салған,– деді Санжай Веди. 


Суретші 50 жылдан астам бейнелеу өнерімен айналысып келеді. 2018 жылы Павлодар университетінде ректордың халықаралық интернационалдандыру жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Ол Ақсу қаласы және өңірдің басқа да ауылдық аймақтарындағы қысқы мезгілді акварельді техникамен қағазға түсірді.

– Ал Үндістан елінің мәдениетін, табиғатын, атмосферасын өте керемет жеткізе алған жергілікті суретшілерге алғысым шексіз. Себебі, түрлі-түсті картиналарға қарап, өзімді үйімде жүргендей сезінемін,– деді Санжай Веди.


«Немалевичи» акварель шеберханасының жетекшісі Светлана Кравченконың айтуынша, көрмедегі жұмыстар алғаш рет маусым айында Астанада көрсетілген болатын. 

– Менің оқытушыларым, атап айтқанда кәсіби емес суретшілер Үндістанның көрікті жерлерін салып, ал профессор Рам Виранжа аулдағы қысқы маусымындағы пейзаждарын көрсетсе деген идея пайда болды. Ол жерде 90 жұмыс қойылса, Павлодарда 62 картинаны қойдық,– деді Светлана Кравченко.

Павлодарлық суретшілер Үндістан туралы фотолар тауып, бейнелеуге барынша тырысқан. Светлана Кравченконың сөзінше, көрмені тамашалаған барлық үнді көрермендері картиналардағы жерлерді, көшелерді немесе адамдарды біледі.


Көрмедегі 25 суретшінің жұмыстарынан Қазақстанға тән қатал қысын, сондай-ақ, Үндістанның жайсаң жазы мен контрастты әйелдер, ғимараттар, жануарларды көруге болады. Медицина саласында қызмет ететін Мария Плехова бос уақтыны бояуларға арнайды.

– Әуес ісім – сурет салу. Бұл мен қатысып отырған алтыншы көрмем. Осы көрмеге пілдер жанұясын салдым. Үндістанда олар қасиетті жануар болып саналады. Теледидарды қарап отырғанда, кішкентай бала пілге жем беріп отырған сәтін көріп, сурет салуға деген шабытымды оятты,– деді Мария Плехова.


Көрмені желтоқсанның 4-не дейін тамашалауға болады.