Екібастұзда әуесқой актерлер «Танакөз» поэмасымен гастрольдік сапарға шығады

Екібастұзда әуесқой актерлер «Танакөз» поэмасымен гастрольдік сапарға шығады

@Pavodarnews.kz тілшісі труппа әртістерінен кеншілер шаһарында театр болмаса да, актерлік өнерді, шығармашылықты қалай қалыптастырып, дамытып жатқанын сұрап көрді. 

Ақпанның соңында «Өнер» қалалық мәдениет сарайының сахна төрінде ерекше туынды шықты. Махаббат пен трагедияға толы Мұхтар Шахановтың «Танакөз» қойылымы екі күн бойы аншлагпен өтіп, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Халық бұл қойылымды жақсы қабылдағаны соншалық, труппа әртістері 15 наурызда Баянауыл ауданына, ал 24 наурызда Ақсу қаласына гастрольдік сапармен шығып, «Танакөз» қойылымын ұсынады. 

Қойылымның режиссері Бибіажар Дихан көрерменнің жүрегіне жеткен туындыны сахналап шыққан адамдар кәсіби актерлер емес, қарапайым, басқа мамандық иелері екенін айтты. 

 – Өзім кәсіби режиссермін. Қазақ ұлттық өнер университетін бітірдім. Кәсіби әртістермен жұмыс жасаймын деп үйреніп, оқыдым.

Оған «Танакөз» спектаклін қой деп ешкімнен ұсыныс келіп түскен жоқ. 

– Төрт дайын пьеса мен поэма алып бардым. Жігіттер мен қыздарға ұнады. Басында ойнауға алты адам ғана келді – Болатбек, Балнұр, Думанбек, Мерей, Гүлбаршын, Гүлжахан. Қалғандары жүре жиналды. Жұмыс жасау өте қиын болды. Көбі әртүрлі саладан келгендіктен сахна мәдениетін, құрылымын үйрету, заңдылығын жасап шығу оңай соқпады. Грим, костюмер сияқты қызметкерлердің жетіспеушілігі қиындықтар тудырды, – деді Бибіажар Дихан.

Бүгінде труппада 20-ға жуық әртіс бар. 

– Өз ойым Екібастұзда труппа жасадым деп нық айта аламын. Оған дәлел бүкіл Екібастұзды аяғынан тік тұрғызған 26-27 ақпанда өткен қойылым. Ауызбіршіліктері керемет. Жалғыз өзіме көрпені тарта бермей, бұл жігіттер мен қыздардың арқасы дегім келеді. «Қамшы батқан, тас түскен жеріне ауыр» дейді. Батқан қамшының ізінен ары қарай жүргендеріне де үлкен рахмет, – деді Бибіажар Дихан.


Актерлердің дайындықтары қалалық мәдениет сарайының сахнасында өтті. Мұндай ұсыныс мекеме басшысы Талғат Сағынтаевтан түсті. 

– Бір жарым ай дайындықпен «Танакөз» спектаклі спектакль дүниеге келді. Кейін бір командалық жұмыс жасағаннан кейін 20 әртіс бір адам сияқты өмір сүрді. Дайындықтары сол кісілердің ырғақтарына қарай болды. Қай уақытта жұмыстан бос, сол кезде дайындалып отырды, – деді режиссер. 

Қойылымдағы Мұрат пен Мұхтардың рөлдерін ойнаған жігіттер асаба, тамада, яғни өнердің айналасында жүрген адамдар. Ал Танакөзді С.Торайғыров атындағы №22 гимназия-мектебінің математика пәнінің мұғалімі Балнұр Сапарғалиева сомдаған. 

– Былтыр қаламызда алғаш рет  «Бір түп алма ағашы» драмасы қойылып, оған шақырту алып, қатысқан болатынмын. Ал «Танакөз» спектакліне былтырғы жиналған құрам қатыстық. Жетпеген рөлдерге жаңадан қатысушылар шақыртылып, құрам толықтырылды, – деді Балнұр Сапарғалиева. 

Балнұрға Мұрат, Мұхтар, Танакөз бала күннен дос болып, ұлдар ер жетіп Танакөз бой жеткендегі  махаббат сезімінің пайда болып, бір-біріне деген  сезімді тілмен емес жүрекпен, көзбен жеткізу қиындау болды.

– «Танакөз» спектаклін шығару жалпы труппаға оңай соқпады. Біздер актерлік мамандығында оқымағандықтан біршама қиындықтар болды. Бірақ жас болса да, өз ісінің маманы бола білген режиссеріміз Бибіажар ханым әрқайсымызбен тыңбай жұмыс жасап, әр кейіпкердің өмірін, мінез-құлқын, бойындағы ерекше қасиеттерін түсіндіріп, түрлі шеберлік сағаттарын жүргізіп, осындай керемет труппа құрып шығарды, – деп атап өтті Балнұр Сапарғалиева. 


Танакөзді сомдап шыққан актриса бала күнінде әнші болуды қатты армандаған. 

– Өнер адамдарының сахнада жүрген сәтіне қатты тамсанып қарайтынмын. Түрлі кино көргенде ұнайтын кейіпкердің мінез-құлықтарын қайталап, бойыма ұнайтын қасиеттерді сіңіретінмін, – деп атап өтті ол.

Балнұр үшін былтырғы  қойылым мен биылғы қойылым арасында айырмашылықтар көп. 

– Былтыр  тұрмыстағы, баласы бар  келіншектің рөлін сомдадым. Ал «Танакөзде» ер балалармен бірге жүріп, бірге өскен ер мінезді, ерке және  өзіне тән қылығы бар Танакөз болдым, – деді Балнұр Сапарғалиева. 

Айта кетейік қойылым махаббат пен адалдық, тағдыр мен таңдау, ар мен намыс секілді терең тақырыптарды көтереді.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от "ӨНЕР" ҚМС (@oner.ekb)

Фото Балнұр Сапарғалиева ұсынды