Павлодар ауданында жас мобилографтар бақ сынады

Павлодар ауданында жас мобилографтар бақ сынады
ЖИ иллюстрациялық суреті

Шара биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында ұйымдастырылды,  деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар ауданының Заря ауылдық клубында аудан көлемінде алғаш рет «Media ұрпақ» жас мобилографтар байқауы ұйымдастырылды. Шара жастардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, мобильді түсірілім мен бейнемонтаж дағдыларын дамытуға және ауыл мәдениетін заманауи форматта насихаттауға бағытталды.

2026 жылдың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ретінде аталуына байланысты цифрлық технологияларды меңгеру мен оларды шығармашылықта тиімді пайдалану өзекті бола түсті. Осы ретте «Media ұрпақ» байқауы жастарға өз қабілеттерін танытып, медиа саласындағы тәжірибесін шыңдауға мүмкіндік берді.

Байқаудың алғашқы екі кезеңі онлайн форматта өтіп, қатысушылар өз жұмыстарын ұсынды. Іріктеу нәтижесінде төрт қатысушы финалға жолдама алды. Қорытынды кезеңге үш қатысушы қатысып, өздерінің шығармашылық әлеуеті мен мобилография бағытындағы шеберлігін көрсетті.

Финалдық кезеңде қатысушыларға алты түрлі тақырыптық локация ұсынылды. Олардың қатарында оригами үйірмесі, сурет салу өнері, домбырада күй орындау, ағаштан жасалған бұйымдар көрмесі, тоғызқұмалақ ойыны және шаш өру бойынша шеберлік сағаты болды. Бұл бағыттар ұлттық өнерді, мәдени мұраны және қолөнерді насихаттауға арналды.

Жас мобилографтардың міндеті – барлық алты локацияны түсіріп, бір минуттық бейнеролик дайындау. Тапсырманы орындауға небәрі 10–15 минут уақыт берілді. Қысқа мерзімде қызықты кадрларды түсіріп, оларды мазмұнды бейнероликке біріктіру қатысушылардан жылдамдықты, креативтілікті және монтаждау шеберлігін талап етті.

Байқау жұмыстарын қазылар алқасы бағалады. Оның құрамында Павлодар ауданы «Олжа» жастар орталығының басшысы Совет Заур, әнші әрі блогер Нұрқуат Садығазин және Новоямышев ауылының мәдени ұйымдастырушысы Серікбол Болатхан болды.

Байқау қорытындысы бойынша бірінші орынды Новочерноярка ауылының қатысушылары Аружан Мекешева мен Светлана Генкель иеленді. Ал Чернорецк ауылының өкілі Гүлдана Сәрсембаева мен Кемеңгер ауылының қатысушысы Айсана Бейсекеева өзара екінші орынды бөлісті.

– «Media ұрпақ» байқауы жастардың шығармашылық мүмкіндіктерін ашып, олардың өзара тәжірибе алмасуына және заманауи медиа құралдарды меңгеруіне жағдай жасауды көздеді. Сонымен қатар, қатысушылар ауыл өмірін, ұлттық өнер мен мәдени құндылықтарды жаңа форматта көрсетуге мүмкіндік алды. Жастар үлкен қызығушылықпен қатысты, - деді Заря ауылдық клубының директоры Ақтоты Марданова. 

Цифрлық технология мен ұлттық құндылықтарды ұштастырған бұл бастама жастардың мобилографияға қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған маңызды жобалардың бірі.

Павлодар ауданы әкімінің орынбасары Самал Айтқазинаның айтуынша, бұл шара ауыл адамдары мен жастарын қоғамдық өмірге белсене араласуына, өздерінің мүмкіндіктерін барынша ашуға жол ашатын игі бастаманың бірі. Алдағы уақытта ауданда мұндай тың жобаларды барлық ауылдық мәдениет үйлері ұйымдастыратын болады.

Фото: аудандық мәдениет бөлімінен