Павлодарда зейнеткердің өт жолдарынан 60-қа жуық тас алынды

Павлодарда зейнеткердің  өт жолдарынан 60-қа жуық тас алынды
Фото: Асия Серикова

Оған бірден екі түрлі ота жасалды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Таңертең көшеде серуендеп жүрген 77 жастағы Әмірғалы Сәдуақасовтың іші ауырып, қан құса бастаған. Жедел жәрдем келіп, зейнеткерді бірден №1 Павлодар қалалық ауруханасына шұғыл түрде жатқызған.

Хирург Нұрсұлтан Андасбековтің айтуынша, науқастың терісі мен көзі сарғайып кеткен. Сол күні мәселенің неде екеніне көз жеткізу үшін инфузионды терапия және құрсақ қуысының магнитті-резонансты томографиясы жасалған.

– МРТ кезінде өт жолдарында көптеген тастарды анықтап, бір анестезиямен бір уақытта екі түрлі ота жасауды шештік, – дейді хирург. – Бірінші кезең – пункциялар арқылы ішінде тастары бар өт қабын алу. Бірақ тастар өт қабының жолдарында қалғандықтан, оларды ауыз қуысы арқылы алып тастауға мәжбүр болдық.

Дәрігердің сөзінше, адам ағзасында диаметрі 0,4-тен 0,7 сантиметрге дейін 60-қа жуық тас пайда болатын сирек жағдай. Әдетте, хирургтар екі немесе үш тасты алып тастайтын оталарды жасайды.

Мұндай хирургиялық араласудан кейін қалпына келу тез жүреді, келесі күні науқас өздігінен жүре бастап, тамақ іше алады. Бірақ бастапқы кезде майлы, қуырылған, ащы тамақтарды жеуге тыйым салынады әрі диета ұстауға тура келеді.

Бұл ауру негізінен фаст-фуд пен холестеринге бай тағамдарды ұнататындарда кездеседі. Бірақ Әмірғали Сәдуақасовтың не себепті мұндай ауруға шалдыққаны белгісіз.

– Бұрын асқазан мен ас қорыту мәселесі болған жоқ. Күн сайын таңғы сағат төртте тұрып, жаттығу жасаймын, таңғы асқа майшабақ жеп, шай ішемін. Солай тамақтанып жүргеніме бір жылдан асты, – дейді зейнеткер.

Қазір Әмірғали Сәдуақасов өзін жақсы сезінеді. Жеті күннен кейін қайтадан ауруханаға оралып, іш қуысының МРТ-дан өтуі керек. Егер өт қабының жолдары таза болса, хирургтар іш қуысындағы стентті алып тастайды.

Мұндай оталардың құны – 877 мың теңге, бірақ МӘМС бағдарламасы бойынша науқасқа екі ота тегін жасалды.