Павлодар облысы онкологияға шалдыққандар бойынша үштіктен шықты
Өңірде қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтау көрсеткіші ұлғайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
4 ақпанда болатын Дүниежүзілік қатерлі ісікпен күрес күніне орай облыстық онкологиялық диспансерде баспасөз конференциясы өтті. Диспансердің ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Әсел Асқарова сырқаттанушылық бойынша статистикалық деректермен бөлісті.
– Бүгінде 13 292 науқас есепте тұр. Жыл сайын 2,5 мың жаңа науқас келеді. Биыл Павлодар облысы сырқаттанушылық бойынша Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстарынан кейін төртінші орынға шықты. 2022 жылы өңіріміз үшінші орында болған еді, – деді Әсел Асқарова.
Ал өңіріміз өлім-жітім бойынша Абай мен Шығыс Қазақстан облыстарынан кейін үшінші орынға шықты, 2022 жылы екінші орында болған.
– Тұрғындар арасында бірінші орында – колоректальды қатерлі ісігі, екінші орында – сүт безінің қатерлі ісігі, үшінші орында – өкпе қатерлі ісігі, төртінші орында – асқазан обыры, бесінші орында жатыр мойны қатерлі ісігі тұр, – деді Әсел Асқарова.
Оның сөзінше, ауруды ерте кезеңде анықтаудың салдарынан сырқаттанушылық көрсеткіші де көбейіп келеді. Былтыр МСАК бірлескен жұмысы нәтижесінде скринингтен өткендердің 31,9%-да сырқаттанушылық анықталды.
– Бізде жатыр мойны обыры, сүт безі обыры және колоректальды қатерлі ісікке арналған скринингтік бағдарлама бар. Сүт безі обыры 40 жастан 70 жасқа дейінгі екі жылда бір рет өтеді. Жатыр мойны обырын анықтау үшін 30 жастан 70 жасқа дейін төрт жылда бір рет, колоректальды қатерлі ісікті анықтау үшін 50-ден 70 жасқа дейін екі жылда бір рет скринингтен өту керек. Биыл скринингтік бағдарламалар бойынша өте жақсы көрсеткіштер байқалуда, – деді Әсел Асқарова.
Еске сала кетейік, онкодиспансерде мамандандырылған емдеу, яғни химиотерапия, сәулелік терапия және хирургиялық емдеу жүргізіледі.