Павлодарда бес жыл бойы бала күткен әйел ЭКО арқылы қалай сәбилі болғанын айтты
Алдымен жұптарға терапия тағайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бес жыл ішінде Айнаш Ахметова күйеуімен түрлі мамандарға жүгінген.
– Бізге барлығы жақсы болады деген болжам жасалған еді, алайда сәтсіз аяқталды, – деді 32 жастағы әйел. – Содан кейін біз Астанадағы репродуктологиялық емханаға барып, экстракорпоралды ұрықтандырудан өтуді шештік.
Дәрігерлер жүктіліктің неліктен болмағанын айтпаған, бірақ хаттамада «идиопатиялық бедеулік» деп жазған. Осылайша жүктілік проблемаларының себептері түсініксіз болып қалған.
Оның айтуынша, жұп гормондық терапиядан басталған бірнеше процедурадан өткен.
– Жалпы анестезиямен фолликулаларға пункция жасады. Содан кейін мамандар ұрықтандырып, эмбриондарды өсірді. Бес күннен кейін бластоцистаға айналуы керек болды. Сосын эмбрионды көшіру процесі өтеді, – деді Айнаш Ахметова.
Оң нәтиже болғанға дейін әйел адамға гормоналды қолдау көрсетілген. Ал екі аптадан кейін жүктіліктің нәтижесі шыққан.
– Біздің нәтижеміз өте жақсы болды. Бірінші баламыз осы жазда дүниеге келді, – деді Айнаш Ахметова. – ЭКҰ процедурасына дайындалып жатқандардың барлығына шыдамдылық тілеймін. Бәрі міндетті түрде орындалатынына сеніңіздер!
2023 жылы Павлодар облысына 269 квота бөлінген. Ерлі-зайыптылар Астана мен Алматыдағы әртүрлі ЭКО орталықтарына жолдама алған. Бағдарлама 90,3 пайызға орындалып, 69 отбасы оң нәтижелерге қол жеткізді. Олардың үшеуі егіз баланы дүниеге әкелді. 37 жұп нәтиже күтуде.
«Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша үш жыл ішінде облыста 180 сәби дүниеге келген.
ЭКҰ-ға жолдаманы алу үшін тіркелген жеріңіздегі емханаға бару керек. Ұйым мамандары пациентті бедеулігі бар диспансерлік науқастардың электронды тізіліміне енгізіп, бірқатар тексерулер тағайындайды.
Жергілікті емхана 12 ай ішінде маманның қорытындысы негізінде жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсету жөніндегі жергілікті комиссияға құжаттарын жібереді. Егер шешім қабылданса, әйел ауруханаға жатқызу бюросының порталында тіркеліп, рәсімге дайындала бастайды. Науқас экстракорпоралды ұрықтандыру үшін клиниканы өз бетінше таңдауға құқылы.
Айта кетерлігі, жылына бір рет міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында ЭКҰ рәсімінен тегін өтуге болады.
Әсия Серікова