Павлодар ауылы мен Атамекен кентінде ауыл әкімдерін сайлауда
Сайлау учаскелері 20:00-ге дейін ашық болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Тұрғындар таңғы сағат 7:00-ден бастап дауыстарын беріп жатыр.
Павлодар ауылында дауыс беру №40 мектептің ескі ғимаратында орналасқан №48 учаскеде және мектептің жаңа ғимаратындағы №49 учаскеде жүзеге асырылуда.
№48 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Толқын Карпбаеваның айтуынша, ауылда барлығы 4281 сайлаушы тіркелген.
– Сайлаушылар белсенді дауыс беруде. Тұрғындар ауылдың болашағы өздерінің беретін дауыстарына байланысты екенін түсініп, көтеріңкі көңіл-күйде келіп, таңдауларын жасауда, – деді Толқын Карпбаева.
Сонымен қатар, сайлау учаскелерінің жанында жәрмеңке ұйымдастырылған.
Атамекен кентінде төрт сайлау учаскесінде дауыс беруге болады:
№41 учаске – №33 мектеп ғимараты;
№42 учаске – Жаяу Мұса атындағы МҮ ғимараты;
№43 учаске – Жолқұдық элеваторының ғимараты;
№44 учаске – №32 мектеп ғимараты.
Атамекенде жалпы 6 716 сайлаушы тіркелген.
– Сайлау учаскелерінде дауыс беруге, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да барлық жағдай жасалған. Жасырын дауыс беруге арналған кабиналар бар. Жалпы, сайлау белсенді өтуде, - деді №42 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Алтынбек Тағлымов.
Оның сөзінше, ауыл тұрғындары келіп, өз кандидатына дауыс беру – әркімнің азаматтық борышы екенін түсінеді.