Павлодар медавиациясы алғаш рет науқасты Астанаға жеткізді
Екібастұздан Астанаға тікұшақпен жол-көлік оқиғасынан зардап шеккн 66 жастағы әйел тасымалданды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық жедел жәрдем станциясының мәліметінше, жол апаты 14-інен 15 сәуірге қараған түні Павлодар - Астана тас жолында болған. Әйел адамның бірнеше жері сынған. Жағдайы тұрақталған кезде одан әрі емдеу үшін Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығына тапсыру туралы шешім қабылданды.
– Бұл туралы тараптар телемедицина сеанс кезінде келісті. Қоңырау түскеннен кейін бір сағат өткен соң, тікұшақ Екібастұзда болды. 3,5 сағаттан кейін науқасты астаналық дәрігерлерге тапсырды. Біздің қызметіміз бұрын-соңды пациенттерді Астанаға жеткізбеген. Осыған қарамастан, ұшу сәтті орындалды. Астаналық әріптестер әйелге көмектесе алады деп үміттенеміз, - дейді жедел жәрдем станциясының медиация меңгерушісі Алмагүл Бейсембинова.
Соңғы екі тәулікте Павлодар медициналық авиациясы 4 жерүсті және 2 әуе рейстерін орындады.
Тағы осындай жайт Баянауыл ауданында орын алды. Егіз сәби күтіп жүрген 30 жастағы жүкті әйелге медициналық авиация көмегі қажет болды. Ол мерзімінен бұрын босанды. Шала туған нәрестеде жедел ми ишемиясы және тыныс алу бұзылыстарының синдромы анықталды. Оған мамандандырылған көмек көрсету үшін баланы тікұшақпен облыстық перинаталдық орталыққа жеткізді.
Ақтоғай ауданында 37 жастағы ер адамға шұғыл операция қажет болды. Бұған дейін ол мотоцикл апатынан кейін ауыр жарақат алып, аудандық ауруханаға түскен. Медициналық авиация қызметкерлері сол жерге келіп, әріптестерімен кеңесіп, жедел шара қолданды.
Осы аптада медициналық авиация өкілдері облыстық жедел жәрдем станциясының жанындағы оқу орталығында кезекті біліктіліктерін арттырудан өтті. Қызметкерлер ұшу және пациенттерді тасымалдау физиологиясы курсын оқып, жаңашылдықтарды үйренді.