Павлодар облысында қант диабеті «жасарып» барады
Балалар қант диабетінің екінші түрімен ауыра бастады. Әдетте бұл ересектерде кездесетін сырқат, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қант диабеті – қандағы қант деңгейінің жоғарылауымен сипатталатын аурулар тобы. Бұл қант деңгейін реттеуде маңызды рөл атқаратын инсулин гормонының жетіспеушілігімен байланысты. Глюкозаның қалыпты деңгейі қанның литріне 5,5 ммоль деп есептеледі. Егер глюкозаның деңгейі жоғары болса, бұл қант диабетін көрсетеді.
Қант диабетінің екі түрі бар: бірінші түрі – инсулиннің тапшылығы. Ол көбінесе балалар мен жасөспірімдерде кездеседі. Науқастар тұрақты инсулин инъекциясын қажет етеді. Ал дененің инсулинге әсері болмағанда диабеттің екінші түрі дами бастайды. Бұл түрі ересектерде болады. Бірақ соңғы уақытта балаларда да жиі кездесетін болды.
Павлодар облысында қант диабетінің бірінші түрімен ауыратын мыңнан астам бала есепте тұр. Олардың ең кішісі – екі айлық бала.
– Қазір балалар мен жасөспірімдердегі қант диабетінің екінші түрі статистикасы өсіп келеді. Қант диабетіне қарсы көптеген дәрі-дәрмектер он жастан бастап қабылданады. Бірақ қазіргі кезде қант диабетімен ауыратындар одан да жас кіші балалар бар. Бұл – нонсенс, өйткені диабеттің екінші түрі –ересектерде кездесетін ауру, – деді Павлодар кардиологиялық орталығының эндокринолог дәрігері Елена Дудоладова.
Облыста барлығы 26 мыңнан астам қант диабеті тіркелген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, соңғы 10-15 жылда жыл сайын 1500-ге жуық жаңа жағдай анықталады.
Дәрігерлер аурудың қаупін азайту үшін салауатты өмір салтын ұстануды, көбірек жүруді, салмақты бақылауды және жиі скринингтен өтуге кеңес береді.
Айта кетейік, қант диабетіне қарсы инсулин препараттары, шприц-қалам, алмастырғыш инелер, глюкометр және тест тілкемдер тегін беріледі. Ал қант диабетінен таблетка дәрілермен емделген науқастар барлығын өз қаражатына сатып алады. Яғни мемлекет оларды қаржыландырмайды.