Павлодар облысының тұрғындары көбінесе қан қысымы ауруынан тегін дәрі-дәрмек алады

Павлодар облысының тұрғындары көбінесе қан қысымы ауруынан тегін дәрі-дәрмек алады
Фото: ӨКҚ

МӘМС жүйесі бойынша тегін дәрі-дәрмектің 1000-нан астам түрі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КАҚ-ның Павлодар облысы бойынша филиалының директоры Жангелді Шайымбетов мәлім етті. 

– Жалпы МӘМС жүйесі арқылы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығына сәйкес қандай тегін берілетін дәрілер бар, сол  бойынша емханалар науқастарды қамтамасыз етуге міндетті, – дейді Жангелді Шайымбетов.  – Ол тізімде 1000-нан астам дәрі-дәрмектің түрі бар. Облыс бойынша жиі кездесетін артериялық қан қысымы ауруы бойынша топта онға жуық дәрі тізбегі бар.  Науқасқа дәрі тағайындау кардиологпен бірге жүргізіледі. Егер дәрілердің бір түрі жақпаса, ол дәрінің басқа түрін ала алады. 

Тегін көмек алу бойынша науқастардың құқығы бұзылса немесе 10 күннің ішінде ем көрсетілмесе, науқас емдеу ұйымының қолдау қызметіне жүгіне алады. 

 –  Жарақаттар мен ауыр аурулардан кейін адам өзінің әдеттегі ырғағымен өмір салтына оралып, жоғалған қабілеттерін қалпына келтіру керек, – дейді филиал директоры.  –  Кейде науқастар емдеудің бұл кезеңдерін елемейді. Бұл қымбат және қолжетімсіз деп ойлайды. Бірақ медициналық оңалту сақтандырылған санатына қолжетімді екенін айтқым келеді. 

Павлодар облысында ересек тұрғындарға арналған медициналық оңалту 24 қалалық медициналық ұйым мен жеті аудандық ауруханада көрсетіледі. Ал балаларға арналған қызмет бес медициналық ұйымда қолжетімді.  Биыл қалпына келтіру емі мен медициналық оңалтуға 2,2 миллиард қаражат бөлінген. 

Бұдан басқа, спикер медициналық оңалту үш кезең бойынша жүзеге асырылатынын атап өтті. Бірінші, яғни 72 сағатқа дейінгі уақыт өткір кезең болып саналады. Бұл – нейрохирургиялық араласу, жансақтау бөлімшелерінде немесе мамандандырылған бөлімдерде медициналық оңалту жүргізу. 

Екінші кезең ол аурудың өткір кезеңінен кейін немесе жарақат алғаннан кейін алты айдың ішінде жүргізілетін оңалту. Бұл – оңалту бөлімшесінде немесе республикалық денсаулық сақтау ұйымдарының мамандандырылған оңалту орталықтарында медициналық оңалту алу. 

Ал, үшінші кезең емханаларда және тәулік бойы жұмыс істейтін стационарлық оңалту орталықтарында жүргізіледі. 

Айта кетерлігі, алғаш рет анықталған диагноз бойынша ересек науқастардың медициналық оңалтылу жиілігі алғашқы үш ай ішінде мульти бейінді топтың шешімі бойынша анықталады. Кейінші уақытта медициналық оңалту жылына екі рет жүргізіледі. 

Балалардың медициналық оңалтылу жиілігі мульти бейімді топтың шешімі бойынша жағдайдың ауырлығы мен биоәлеуметтік функциясының бұзылу деңгейіне қарай халықаралық критерийлерге орай анықталады.