Павлодар музейіндегі «Ақ орда» салт-дәстүрден сыр шертеді

Киелі шаңырақта ұлттық тұрмыстың шынайы болмысы мен тарихи құндылықтары көрініс тапқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Киіз үйдің құрылымдық элементтері шаңырақ, уық, кереге, есік, ал жабындысы — түңлік, үзік, киіз, туырлық. Оның іші де үшке бөлінеді: қазан жақ, төр жақ және оң жақ. Әрбір элементтің өзіндік мән-мағынасы бар. Мысалы, асылған төрт құлақты қазан, оның астындағы үш аяқты ошақ, шай қайнатуға арналған (қазан асатын үш сирақты темір ошақ) мосы, қол диірмен, қолдан тартылған киіз, барлығы қазақ халқының тіршілігі мен өмір сүру салтын танытады.
— Бұл этнографиялық зал — ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан қазақтың салт-дәстүрі мен мәдени мұрасын паш ететін, ұлттық болмысты тереңінен танытатын құнды кеңістік. Мұнда әр бұйымның артында үлкен тарих жатыр, — дейді экскурсия жүргізуші Жеңісбек Қадырұлы.
Зал ішінде алты қанатты киіз үй тігілген. Жалпы, киіз үй қанатының санына қарай — алты, сегіз, он екі, он сегіз, жиырма төрт, отыз қанатты болып бөлінеді. Отыз қанатты киіз үй «Ақ орда» деп аталады және ол хан-сұлтандарға арналған ең үлкен баспана ретінде белгілі.
Айта кетерлік жайт, бұл тарихи мұра 2010 жылы күрделі жөндеуден өткеннен кейін 2011 жылы қайта жаңадан салынған.
Әмина Жеңіс