Павлодарда Нұтфолла Шәкеновті еске алды
Кешке журналистің көзін көргендер келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейінде жазушы, ақын, әнші, журналист, Қазақстан жазушылар Одағының мүшесі Нұтфолла Шәкеновтің 95 жыл толуына арналған «Ой өрнектері» тақырыбында әдеби-сазды еске алу кеші өтті. Іс-шараға жазушының көзін көрген аға журналистер өткен өмір деректерімен бөлісті.
– Нұтфолла Шәкеновтің қаламынан 100-ден аса ән мәтіні туған. Еске алу кешінде ақынның жеке заттарынан, кітаптары мен естелік фотоларынан көрме ұйымдастырылып, студенттер мен оқушыларға таныстырылды. Ақынның сөзіне жазылған әндер орындалды, –Г.Н.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы.
Қаламгердің «Біздің жыр» «Жүрек сөзі», «Орамал», «Шаттық желі», «Айгүл», «Сақина», «Жүз ән», «Бел-белес», «Белеңдер», «Жан сәуле» сынды еңбектері мен 30-ға тарта өлең мен поэма жинағы бар.
Нұтфолла Шәкенов 1948 жылы Қазақ ұлттық университетін бітірген. 1944-1948 жылдары республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде әдеби қызметкер, «Пионер» (қазіргі «Ақжелкен») журналының бөлім меңгерушісі, 1948-1949 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында оқытушы, 1949- 955 жылдары қазақ радиосы әдеби-драмалық хабарлар редакциясының бас редакторы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің жауапты хатшысы, 1966-1968 жылдары Қазақстан жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросының директоры, 1970 - 81 жылдары Қазақстан жазушылар одағының әдеби кеңесшісі болды.
Кеш барысында ардагер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, көзі көрген журналист Социал Әйтенов, ақын-сатирик Алпысбай Әбділұлы, Ақсу қаласының тарихи-өлкетану музейінің басшысы Гүлжанар Назкенқызы ақынның өмір деректері жайлы айтты.
Фото: Потанин музейінен