Ертіс өңірінде 35 ғасыр бұрын өмір сүрген әйелдің келбеті қандай болған?

Ертіс өңірінде 35 ғасыр бұрын өмір сүрген әйелдің келбеті қандай болған?
Иллюстрация: AI

Бұл жаңалық Қазақстанның кейінгі қола дәуірін зерттеуге арналған сенімді дерекқор қалыптастыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Осы мәліметтердің негізінде зерттеушілер ежелгі тайпалардың шығу тегі, олардың тіршілік ету жүйесі қалай ұйымдастырылғаны, немен қоректенгені және қазіргі Қазақстан аумағында мәдени дәстүрлердің қалай дамығаны туралы маңызды сұрақтарға нақтырақ жауап бере алады.

Торайғыров университеті тарих ғылымдарының кандидаты Илья Мерцтің айтуынша, Екібастұз ауданындағы Жартас қорымы үстіндегі құрылымдары жағынан Сарғарин-алексеев мәдениетінің типтік ескерткіші болып саналады. Бұл – Орталық Қазақстандағы кейінгі қола дәуірінің ең ірі мәдениеттерінің бірі.

Мұнда тоналмаған жерлеу орны табылған. Бұл археологтар үшін сирек кездесетін жағдай. Сүйектердің жақсы сақталғаны соншалық, мамандар заманауи жаратылыстану-ғылыми зерттеулердің толық кешенін жүргізе алды.

– Кез келген археологиялық зерттеудің негізі – салыстырмалы-типологиялық әдіс. Ол заттардың пішіні мен ерекшеліктеріне қарап, олардың мәдени және хронологиялық тиесілігін анықтауға мүмкіндік береді. Нақты жасын анықтау үшін радиокөміртектік талдау, ал тамақтану рационын зерттеу үшін изотоптық талдау қолданылады. Ал жынысын, жасын, бойын және дене бітімін анықтау үшін сүйектерге остеометриялық және краниометриялық талдау жасалады, – деді археолог.

Археология, антропология және заманауи технологиялардың үйлесуі ғалымдарға тарихты сөзбе-сөз «тірілтуге» мүмкіндік берді. Торайғыров университетінің мамандары ресейлік антропологтармен бірлесіп, қазіргі Шідерті кенті маңында шамамен 3500 жыл бұрын өмір сүрген әйелдің болжамды келбетін қалпына келтірді.

Зерттеу нәтижесінде сүйектердің 45–55 жастағы әйелге тиесілі екені анықталды. Бұл қола дәуірі үшін өте егде жас саналады. Ол шамамен біздің дәуірімізге дейінгі 1506–1446 жылдары өмір сүрген.

Антропологтардың дерегінше, әйел еуропеоидтық долихокрандық типке жатады. Бұл оның бас сүйегі ұзынша әрі салыстырмалы түрде жіңішке болғанын білдіреді. Ал қаңқасының құрылымы бойынша ол «далалық морфотипке» жатқызылды. Мұндай дене бітімі Еуразия далаларындағы көшпелі және жартылай көшпелі қауымдарға тән.

– «Еуропеоидтық долихокрандық краниологиялық тип» дегеніміз – адамның бас сүйегі ұзын әрі жіңішке болғанын білдіреді. Бас сүйегінің ені мен ұзындығының арақатынасы мұндай адамдарда төмен болады. Сонымен қатар Жартастан табылған адам далалық морфотипке жатады. Бұл зерттелген әйелдің дала тұрғыны болғанын, бірақ, ең ықтимал нұсқа бойынша, Батыс өңірлерден – Еділ мен Жайық аралығынан шыққанын көрсетеді. Біздің пайымдауымызша, Шідерті өзені алабында кейінгі сруб мәдени қауымдастығы таралған аумақтан келген мигранттар өмір сүрген болуы мүмкін, – дейді археолог.

Зерттеушілер ең жақын ұқсастықтарды Сарыарқадағы Сарғарин-алексеев қорымдарынан, әсіресе Қарағанды облысындағы Қаратуғай қорымынан тапқан. Ал неғұрлым алыс ұқсастықтар Қостанай облысындағы Лисаков I және Алексеев, сондай-ақ Алтайдағы Рублёво VIII қорымдарының материалдарынан байқалған.

– Адамның келбетін сүйек қалдықтары арқылы қалпына келтіру үшін әртүрлі әдістер қолданылады. Олардың көпшілігінің негізінде кеңестік антрополог Михаил Герасимов әзірлеген әдістеме жатыр. Компьютерлік томография мен арнайы медициналық бағдарламалар ежелгі адамның бет-бейнесін жеткілікті дәлдікпен қайта жасауға мүмкіндік береді. Жартас әйелінің шаш үлгісі мен киімі Синьцзяндағы Хами шөлінен табылған Упу-яньбулак мәдениетінің замандас қорымындағы материалдар негізінде реконструкцияланды. Онда мұндай элементтер жақсы сақталған, – деді Илья Мерц.

Әйелдің жанынан археологтар тек қыш құмыра тапқан. Бұл жерлеудің сарғарин-алексеев мәдениетінің қарапайым өкілінің кәдімгі қорымы болғанын көрсетеді.

Ғалымның айтуынша, өңірдегі зерттеулер жалғасады.

– Павлодар облысының аумағы өте кең. Сондықтан біздің міндетіміз – мүмкіндігінше үлкен аумақты зерттеумен қамту. Осы мақсатта Жартасқа жақын орналасқан ескерткіштердің материалдары да зерттеледі, – деп атап өтті археолог.

Қазіргі уақытта Торайғыров университеті археологиялық орталығының мамандары шетелдің жетекші рецензияланатын ғылыми журналдарына арналған мақалалар топтамасын дайындап жатыр. Тақырыптар сүйек қалдықтары арқылы анықталатын ежелгі ауруларға, палеоклимат ерекшеліктеріне және Қазақстан археологиясының өзекті мәселелеріне арналмақ.