Павлодарлық жас өнерпаздар халықаралық байқауда топ жарды
Дүбірлі додаға Қазақстан мен Моңғолия елдерінен 2000-ға жуық жас музыканттар қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәлімдеуінше, Семей қаласында Латифа Хамиди атындағы екі күндік V халықаралық конкурс өтті.
- Павлодар музыка мектебінің оқушылары бірнеше жылдан бері осы байқауға қатысып, лауреат атанып келеді. Биылғы жылы жас таланттар делегациясының құрамында 14 жеке орындаушымен «Briqnt» вокалдық ансамблі болды, - делінген хабарламада.
Конкурс қорытындысы бойынша қазылар алқасы павлодарлықтардың талантын жоғары бағалады. Нәтижесінде бас жүлдесін қобызшылар Гүлназ Сманова, Жансая Самат, Айша Жанбосынова, фортепианода ойнаған Зарина Ақылбектер жеңіп алды. Өнерпаздар Қ.Күмісбековтың «Вальс», А.Литвиновтың «Вечное движение», Э.Дженкинсонның «Танец», қазақ халық әні «Дайдидау», Ықыластың «Аққу», В.Синенконың «Хасан вальсі», Р.Хамитовтың «Екі жирен», У.Беккердің «Стрекозы» туындыларын ойнады.
Ал вокал бойынша Қалел Рамазан, Федорова Анастасия «Будет садом город мой», «Крыльями ангела» әндерін орындап I орынды иеленді. Осы аталымда II орынды Мартиросян Милена, Гаманова Виолетта, Осокина Аврора, Тимченко Арина, Мұрат Әмірхан, Айдаргазина Дария және вокалдық ансамбль «Briqnt» жеңіп алса, София Козлова мен Тілеухан Мухаммед ІІІ орынды иеленді.