Павлодар облысы қоныс аударушылар үшін қолайлы өңірге айналуда
Аймаққа еліміздің оңтүстігінен қоныс аударған отбасылар тұрақты қалуды мақсат етеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірнеше жылдан бері елімізде еңбек күші артық оңтүстік өңірлерден тұрғындарды солтүстік аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Бұл мүмкіндікке қызығушылық танытқан азаматтарға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Осындай мүмкіндікті пайдаланып, Алматы облысынан Павлодар өңіріне көшіп келген отбасының бірі – Серік Оспанжанның шаңырағы.
Серік Оспанжан жұбайы Рысты Әбдіраманмен бірге өткен жылдың қазан айында Железин ауданына қарасты Алакөл ауылына қоныстанған.
– 2020 жылы Қытайдан тарихи Отанымызға оралып, Алматы облысына орналастық. Бір күні жолдасым такси қызметінде жұмыс істеп жүргенде Железин ауданындағы ауылдардың бірінің әкімімен танысып қалады. Әңгіме барысында ол Павлодар облысына көшуге арналған мемлекеттік бағдарламалар туралы айтып, алдымен келіп, өңірмен танысып көруге кеңес берген екен, – дейді Рысты Әбдіраман.
Бұл ұсыныс Серіктің көңілінен шығып, ол бірнеше күнге Павлодар облысына келіп, Железин ауданындағы ауылдарды аралап көреді.
– Біз үшін ең бастысы – қауіпсіз әрі жайлы орта табу болды. Жолдасым ауданның тыныс-тіршілігін көріп, бейнежазбалар түсіріп жіберді. Өзімізге ұнаған соң тәуекел етіп көшуге шешім қабылдадық. Өткен жылдың қазан айында жаңа қонысымызға келдік. Аудан әкімдігі, «Мансап» орталығының мамандары, ауыл әкімі, мектеп ұжымы бізді жылы қарсы алып, қолдау көрсетті. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында баспаналы болдық, – дейді ол.
Рысты Әбдіраман мамандығы бойынша кітапханашы. Қазіргі уақытта Алакөл ауылындағы мектепте қызмет атқарады. Оның айтуынша, жаңа ортаға бейімделу қиын болмаған.
– Балаларды кітап оқуға баулу, олардың білімге деген қызығушылығын арттыру – басты міндетім. Ұжымға да тез үйреністім. Әрине, кейбір тілдік ерекшеліктер кездеседі. Бірақ Алматыда бірнеше жыл тұрғандықтан, біз үшін бұл үлкен мәселе емес. Ал Қытайдан жақында келген азаматтарға қиындау болуы мүмкін. Сондықтан өзіміз сияқты көшіп келген отбасыларға қолымыздан келгенше көмектесіп жүреміз. Ауыл тұрғындары мен басшылық әрдайым қолдау білдіріп келеді, – дейді әйел.
Бүгінде Серік пен Рысты үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлдары 10-сыныпты аяқтап жатыр. Екінші баласы 3-сыныпта оқиды. Ал кенже ұлдары алдағы оқу жылында Алакөл мектебінің табалдырығын алғаш рет аттамақ. Осылайша, көшіп келген отбасылар аудан мектептеріндегі оқушылар санының артуына да ықпал етуде.
Отбасының отағасы Серік Оспанжан мемлекеттік грант иегері атанған. Ол грант қаражатына төрт бас мал сатып алып, шаруашылығын дамытуды жоспарлап отыр.
– Мұнда мүмкіндік көп. Жер кең, мал өсіруге жағдай бар. Еңбек еткен адамға нәтиже болады деп сенеміз. Әрине, солтүстіктің қысы оңтүстіктен өзгеше. Бірақ оған да үйренуге болады. Қазір тіпті көршілерімізбен әзілдеп, «жаз келеді ме өзі?» деп айтып қоямыз. Дегенмен бұл бізді қорқытпайды. Керісінше, осы өңірде тұрақтап қалуды көздеп отырмыз, – дейді Рысты Әбдіраман.
Аталған отбасы Железин аудандық «Мансап» орталығының көмегімен мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдауға қол жеткізген. Олар көшіп-қонуға арналған субсидия алып, экономикалық ұтқырлық сертификаты арқылы тұрғын үймен қамтамасыз етілген.