Павлодар облысында құқық бұзушылық жасаған жасөспірімдердің көбі – қолайсыз отбасынан
Аймақта кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі 19 комиссия жұмыс істейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар облысының балалар құқықтарын қорғау өкілі Наталья Покидова мәлім етті.
Спикердің мәлімдеуінше, ағымдағы жылдың үш айында 144 тұрмысы нашар отбасы анықталған. Онда 371 кәмелетке толмаған бала тұрады. Бұл отбасылардың барлығы есепке алынған.
– Облыста кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі 19 комиссия жұмыс істейді, – дейді Наталья Покидова. – 2024 жылдың бірінші тоқсанында 124 отырыс өткізіліп, 389 мәселе қаралды. Оның ішінде кәмелетке толмаған балаларға қатысты 174 дербес іс бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша талдау нәтижесі құқық бұзушылық жасаған және комиссияда қаралған балалардың 54 пайызы қолайсыз отбасыларда тәрбиеленетін балалар екенін көрсетті.
Оған қоса, отбасы институтын нығайту және ата-ана қауымдастығының адамгершілік құндылықтарды нығайту бағытында белсенді рөлін арттыру мақсатында облыстық «Ата-аналар Aльянсы» құрылған. Сондай-ақ, әр мектепте ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылған.
– Бірінші тоқсанда облыстың кәмелетке толмағандар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты ата-ана құқықтарын шектеу жөніндегі 36 талап арызды және ата-ана құқықтарынан айыру жөніндегі 24 талап арызды қанағаттандырды, – деді облыстық балалар құқықтарын қорғау өкілі.
Айта кетерлігі, жыл басынан бері атаулы әлеуметтік көмек 2452 аз қамтылған отбасыға көрсетілді. Бұл жанұяларда 6768 кәмелеттік жасқа толмаған бала бар.
Аймақта ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға арналған инфрақұрылымды кеңейтуге баса назар аударылған. Облыста ерекше білім беру қажеттіліктері бар 7489 бала бар болса, оның ішінде 1952 баланың мүгедектігі бар.
Сонымен қатар, биыл жедел әрекет ету бойынша 168 топтың жұмысы күшейтілген. Олардың мақсаты – қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға немесе тұлғаларға уақытында, анықталған барлық жағдайлар бойынша нақты көмек көрсету.