Павлодар облысының балабақшаларына «соқыр» аймақтарды қамтитын камералар орнатылады

Павлодар облысының балабақшаларына «соқыр» аймақтарды қамтитын камералар орнатылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қолжетімділікті қамтамасыз ететін бейнебақылау камераларды орнату бойынша жұмыстар атқарылатын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Павлодар қаласының білім беру бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдыралин мәлім етті. 

– Қауіпсіздікке қатысты барлық мектепке дейінгі білім беру мекемелері қажетті шаралармен қамтамасыз етілген. Оған дабыл түймесі, құлақтандыру, бейнебақылау жүйелері жатады. Қалада төрт мыңнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс жасайды, – деді Қуаныш Қыдыралин. – Жыл сайын балабақшаларда аналогтық камералар сандық камераларға ауыстыру мақсатында жаңартылып отырады. Бұл шешім арқылы «соқыр» аймақтардан арылуға қол жеткіземіз. 

Екібастұз қаласының білім беру бөлімінің басшысы Лаура Дисюпованың айтуынша, кеншілер шаһарында да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып келе жатыр.

– Біздегі мектепке дейінгі ұйымдардың барлығында үш мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылған. Алайда кей балабақшаларда аналогтық камералар әлі де бар. Биыл оларды сандық камераларға ауыстыру үшін бюджеттік өтінім берілді. Сондай-ақ, 27 типтік балабақшада домофондар орнатылады, – деді Лаура Дисюпова.

Жалпы облыста 36 778 бала контингентінен тұратын 381 мектепке дейінгі ұйым, оның ішінде 157 балабақша және 224 шағын орталық бар.