Павлодар облысында ауыл тұрғындары өрт қойған балықшыны ұстап берді
Өрт сөндірушілер тілсіз жауды он алты сағат сөндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ақтоғай ауданы өрт сөндіру бөлімінің мәліметінше, 13 сәуір күні сағат 17:30-да өрт сөндіру бөліміне Мүткенов ауылдық округінің Жаңабет ауылы жанында Ертіс өзені жайылмасы жанып жатқаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенде үш бытыраңқы ошақта құрғақ шөптің жанып жатқанын анықтаған: бірінші ошақта – 15 га, екінші ошақта – 32 га, үшінші ошақта – 25 га.
– Белгісіз адамның құрғақ шөпті өртеп жібергенін көрген Жаңабет ауылының екі тұрғынынан жауап алынды. Көлге балық аулауға келген адам өрт тарала бастаған кезде сөндіруге тырысқан, бірақ өшіре алмаған соң көлікке отырып, қалаға қарай кетіп қалған. Куәгерлер автокөліктің мемлекеттік нөмірін есте сақтап қалып, Мүткенов ауылдық округінің әкіміне қоңырау шалған. Ол барлық деректі учаскелік комиссияға тапсырды, – дейді бөлімде.
Осылайша мемлекеттік нөмір бойынша Павлодар қаласында тұратын автокөліктің иесі табылды. Он алты сағаттан астам өртті сөндірген Ақтоғай ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері кінәлі адамды әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін Павлодар қаласына барған.
Күдіктіден жауап алу барысында ол Жаңабет ауылының маңындағы Ертіс өзенінің жайылмасында «Ормандардағы өрт қауіпсіздігі қағидаларының» 15-тармағын бұза отырып, ерекше қорғалатын аумақта шөптесін өсімдіктерді өртеуге жол бергені анықталды.
Аталған азамат ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 367-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 172500 теңге мөлшерінде айыппұл тағайындалды.