Павлодар облысында экология талаптарын бұзған кәсіпорындар қомақты айыппұл арқалады
Осы іс бойынша сот үкімі заңды күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы прокуратурасының мәлімдеуінше, Екібастұз қаласындағы ірі екі компания экологияға зиян келтіргені үшін айыпталған.
Мәслен, табиғат қорғау прокуратурасы Екібастұз өңіріндегі жер учаскелеріне тексеру жүргізу барысында «Екібастұз ГРЭС-1» станциясының күл-қож қалдықтарын тасымалдайтын құбырына іргелес аумақта қалдықтардың жиналып қалғанын анықтады.
Белгілі болғандай, көмір жағу кезінде пайда болатын қалдықтар мен судың қоспасы құбырдан ағып, күл-қож арнайы белгіленген орыннан тыс жерге төгілген. Бұл экологиялық заңнама талаптарын бұзу болып саналады.
Аталған факті бойынша облыстың экология саласындағы уәкілетті органына заң бұзушылықтарды жою туралы ұсыну енгізілді. Экология департаменті «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС-не қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 344-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырды.
Екібастұз қалалық сотының қаулысымен кәсіпорын әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
Бұдан бөлек, тағы бір өнеркәсіптік кәсіпорын атмосфераға ластаушы заттарды белгіленген нормативтен артық шығарғаны үшін жауапқа тартылды. Оған 70 миллион теңгеге жуық айыппұл салынған.
Екі іс бойынша сот актілері заңды күшіне енген, айыппұлдар толық төленген.