Павлодарда «TAZA VIBE» эко-флешмобы өтті

Павлодарда «TAZA VIBE» эко-флешмобы өтті
Фото: автор

Ашық алаңға жүзге жуық жас жиналды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Усолка шаңғы базасы аумағында Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне арналған «TAZA VIBE» жастар эко-флешмобы өтті. Экологиялық шараға облыстың белсенді жастары, еріктілер мен тұрғындар қатысты.

Іс-шара облыстық жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы мен «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының бірлесуімен ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында жағалау аумағын тазарту, қалдықтарды бөлек жинау, экологиялық ойындар мен командалық эстафеталар жүзеге асырылды. 

«Жасыл ел» облыстық штабының директоры Русана Сулаймонованың айтуынша, жиын барысында өткен айда өткен «Объективтегі экология» фотобайқауының жеңімпаздары марапатталып, үздік жұмыстардан фотокөрме қойылды.

Негізгі мақсатымыз – экологиялық мәдениетті арттыру, қоқысты сұрыптау мен қайта өңдеудің маңызын түсіндіру. Жастар мен тұрғындарға қалдықтарды дұрыс бөлу арқылы қоршаған ортаны қорғауға болатынын көрсеткіміз келеді, – деді ол.

Русана Сулаймонованың айтуынша, шара барысында қатысушылар спорттық жарыстарға қатысып қана қоймай, экологиялық тапсырмаларды орындады. Эстафеталар табиғатты қорғау тақырыбымен байланысты болды және жастардың экологиялық білімін арттыруға бағытталды. Жеңімпаздарға дипломдар мен экологиялық сыйлықтар табысталды. Олардың ішінде шопперлер, су бөтелкелері және басқа да пайдалы заттар болды.

Шараға алдын ала 50-ден астам адам тіркелген. Алайда ашық алаңда өткендіктен, оған кез келген тұрғын да қосыла алды. Нәтижесінде қатысушылар саны шамамен 100 адамға жетті.

Осындай флешмобтарды біз жыл сайын өткіземіз. Экологиялық бағыттағы шараларды жиі ұйымдастыруға тырысамыз. Бүгінгі кездесу сапалы әрі мазмұнды өтті деп есептеймін, – деді Русана Сулаймонова.

«Жасыл ел» ұйымының еріктісі Заңғар Дүйсенәлінің айтуынша, экологиялық акцияға қатысқан еріктілер табиғатты қорғаудың маңызын жақсы түсінген. 

Біз қоқысты бірнеше санатқа бөліп жинаймыз. Қайта өңдеуге болатын металл, шыны және пластик қалдықтарын бөлек сұрыптаймыз. Осы арқылы табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосып отырмыз. Егер әр адам күн сайын қоршаған ортаны таза ұстауға атсалысса, еліміз де көркейе түседі, – деді ерікті.

Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастардың экологиялық жауапкершілігін арттырып қана қоймай, қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға ықпал ететінін айтты.