Павлодар облысында екі мотоцикл жүргізушісі мас күйінде ұсталды
Оларға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Ақсуда Вокзальная көшесіндегі үйдің жанында полиция қызметкерлері жоғары жылдамдықпен жүріп келе жатқан «Танк» маркалы мотоциклді байқаған. Ер адамнан алкогольдің өткір иісі шығып тұрған. Сараптама нәтижелері бойынша мотоциклді жүргізген 60 жастағы қала тұрғыны мас күйінде болған.
Павлодар ауданының ауылдарының бірінде де бір мотоциклші анықталды. «ЛТМ» маркалы мотоциклді жүргізген ер адам да мас күйде болған.
– Мас күйінде көлік құралын жүргізгені үшін жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Материал сотқа жіберілді. Мотоциклдер арнайы айып тұрағына қойылды, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінде.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Павлодар облысының аумағында осындай өрескел бұзушылықтар үшін мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.