Екібастұзда «Волонтерлердің алтын кітабы» жинағы жарық көрді

Екібастұзда «Волонтерлердің алтын кітабы» жинағы жарық көрді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Кітап қалалық Жастар бастамаларын дамыту орталығының тапсырысымен шығарылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қалалық Жастар орталығының мәліметінше, еріктілердің еңбегін бағалап, олардың қоғамдағы еңбегін елеу мақсатында «Волонтерлердің алтын кітабы» жинағы жарық көрді.

Қала әкімі Аян Уахитұлы алғысөз алып, волонтерлердің елеулі еңбегіне, азаматтық қоғам қалыптастырудағы жұмыстарына алғыс білдірді.

–   Жинақтың 50 данасы шығарылды, қосымша 50 дана баспадан шығу үстінде, – деді орталық қызметкері.

«Шаңырақ» мейрамханасында қаладағы 16-ға жуық волонтерлер ұйымы бас қосып, «Ерікті болу – ерлік» фестивалін ұйымдастырды. Қала әкімінің орынбасары Бибігүл Иманғалиева кітаптың тұсаукесу рәсімін өткізіп, барша еріктілерді Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады.

Фестивальге 200-ден астам волонтер қатысып, барлығына естелік сыйлық табысталды. Сонымен қатар, ішкі саясат бөлімінің басшысы Рауан Қайыпханұлы 60-қа жуық волонтерге облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының Алғыс хатын табыстады.