Екібастұзда жылу мәселесі көпшілік талқысына шығарылады

Екібастұзда жылу мәселесі көпшілік талқысына шығарылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Департамент мәслихат депутаттарын, мемлекеттік органдарды, БАҚ және мүдделі тұтынушыларды қатысуға шақырады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Павлодар облысы бойынша департаменті «Экибастузские тепловые сети» ЖШС-нің жылу энергиясын беру, бөлу және өткізу жөніндегі келіп түскен өтінімі бойынша жария тыңдау өткізеді. 

Жария тыңдау тарифті бекітуге немесе өзгертуге өтінімді қарау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндетті рәсім болып табылады. Оларды өткізу ашықтықты қамтамасыз етуге, тұтынушылардың пікірлерін ескеруге және тарифтерді бекіту кезінде әділеттілік қағидаттарын сақтауға бағытталған, – деді ҚР ҰЭМ Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңір бойынша департаментінің баспасөз қызметі.

Жария тыңдау 18 қараша күні сағат 12:00-де Қонаев көшесі, 105 мекенжайында өтеді. Сонымен қатар, конференцияға Zoom сілтеме арқылы қатысу мүмкіндігі қарастырылған.

Айта кету керек, Үкіметтің тарифтердің өсуін тежеу жөніндегі жұмысы аясында 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін халық үшін табиғи монополия субъектілерінің қызметтері бойынша тарифтердің көтерілуі жоспарланбайды.

Қосымша сұрақтар бойынша 8 (7182) 615955 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.