Павлодар облысында көктайғақ пен 28 метрге жететін екпінді жел күтіледі
Өңірде ауа райының нашарлауына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 21 қазанда Павлодар облысында жауын-шашын (жаңбыр мен қар) жауып, облыстың батысында, солтүстігінде, оңтүстігінде және орталығында көктайғақ болады. Түнде және таңертең өңірдің солтүстігінде тұман түседі деп болжануда.
Сонымен қатар синоптиктер желдің күшейетінін ескертеді. Солтүстік-батыстан соғатын желдің жылдамдығы 15-20 м/с құрап, облыстың батысы мен оңтүстігінде екпіні 23-28 метр/секундқа жетеді.
Павлодар қаласында да 21 қазанда жаңбыр аралас қар жауып, жолдарда көктайғақ пайда болады. Қалада желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді деп күтілуде. Төтенше жағдайлар қызметі мен тәртіп сақшылары тұрғындарды жолда абай болып, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырады.