Павлодар облысында күзгі орманда еліктер бой көрсетті

Павлодар облысында күзгі орманда еліктер бой көрсетті
Фото: Аждар Жүсіпов

Ертіс жайылмасында күздің алтын бояуына бөленген табиғат пен оның сақ мекендеушілерін суретке түсіру мүмкін болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Май ауданындағы еліктер өздерін жайлы сезінеді, ал олардың саны біртіндеп артып келеді. Орманшылар кезекшілік кезінде бұл жануарларды жиі кездестіріп, олардың тіршілігін бақылап отырады.

Павлодар ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің басшысы Аждар Жүсіповтің айтуынша, өңірде дала және сібір еліктері кездеседі. Сібір еліктері дала еліктеріне қарағанда ірілеу келеді.

– Еліктер жайылмада жақсы тіршілік етіп жатыр, саны да өсіп келеді. Мұнда аң аулауға тыйым салынған. Ормандағы басқа жануарлардың санын реттеуге көмектесетін қасқырлар жайылмада жоқ. Мені ең көп алаңдататыны – жабайы және үй жануарларының денсаулығы. Ауру тарап, жануарларға қауіп төнбесе екен деймін, – дейді Аждар Жүсіпов.

Орманшылар жабайы жануарлар мен құстарды үнемі бақылап отырады. Олар аумақты аралау кезінде кездескен аң-құсты тіркеп, мәліметтерді арнайы журналға жазады.

Мекеме қызметкерлерінің бақылауы бойынша, өңірде елік аз емес. Павлодар мекемесінің қарауындағы облыстың алты ауданында орманшылар 700-ден астам елікті санап отыр. Алайда олардың нақты саны бұдан да көп болуы мүмкін.

Еліктерді Павлодар қаласының маңынан да кездестіруге болады. Кейде олар елді мекендерге жақындап, тіпті қала аумағына кіріп кетеді.

Өткен жылы Галкин ауылынан қайтып келе жатқан павлодарлықтар Шарбақты тасжолының бойынан кішкентай елікті байқап қалған. Жануар жол үстінде қауіпте тұрғандықтан, тұрғындар оны көлік жүретін жерден алып шығып, «109» қызметіне хабарлаған. Ақпарат Павлодар орман шаруашылығының қызметкерлеріне жеткізілді. Құтқарылған елікке Томми деген ат берілді.

Орманшылар жабайы жануарларды кездестіргенде абай болуға шақырады. Оларды ұстауға, сипауға немесе қолдан тамақтандыруға тырыспау керек. Жануарларды алыстан бақылап, үркітпей, өз бетімен жүріп-тұруына кедергі келтірмеген жөн.

Жабайы жануарлар мен олардың мекендейтін ортасы мемлекет қорғауында. Табиғатқа ұқыпты қарау жануарлардың қауіпсіздігін сақтап, олардың табиғи ортасын қорғауға көмектеседі. Мамандар жабайы жануарларды кездестіргенде өзін қалай ұстау керектігі туралы жадынамаларды да басшылыққа алуға кеңес береді.

Еліктердің қыстан аман шығуына да орманшылар көмектеседі. Суық күндері олар жайылмада жемшашарлар мен тұз жалағыш орындар дайындап, шөп, астық қалдықтары мен тұз қояды. Бұл суық мезгілде азық табу қиындаған кезде жануарлардың қоректенуіне мүмкіндік береді.

Жабайы жануарлардың тіршілігін зерттеуге заманауи технологиялар да көмектеседі. Бірнеше жыл бұрын «Ертіс орманы» резерваты аумағында жабайы жануарлардың мекен ету ортасы мен популяция санын зерттеуге арналған ғылыми жоба басталған. Мамандар бақылау үшін фототұзақтар мен цифрлық карталарды пайдаланады. Бұл құралдар жануарлардың табиғи ортадағы тіршілігі туралы көбірек мәлімет жинауға мүмкіндік береді.