Май ауданының тұрғындары демалыс орнын құруды сұрады
Облыс әкімі Асайын Байханов Көктөбе ауылында аудан тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-тілектерін тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жергілікті тұрғындардың бірі Мұхаметқали Құрманғалиұлы тұрғындар үшін серуендейтін орын болса деген тілегін білдірді.
– Бүгінде ауылда халықтың демалатын орны жоқ. Табиғаты керемет. Біраз уақыт бұрын аурухананың жанынан жылыжай бір-екі жыл жұмыс істеген болатын, кейін жан-жағы шашылып қалды. Ал ауылдың шығыс бөлігіне қазір мал бағады. Бұрын сол аймақта тұрғындар балық аулайтын, бақша болатын. Сондықтан демалатын орын болса екен, – деді ауыл тұрғыны.
Аймақ басшысы әрбір ауданда серуендейтін орын болуы тиіс екенін айтып, бұл ұсынысты толығымен қолдайтынын жеткізді.
– Бұл – өте орынды ұсыныс. Ол үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауды тапсырамын. Облыстық бюджеттен қаражат бөлінеді. Болашақта аудан орталықтарында балалар қысқы уақытта жүзіп үйренетін бір бассейн, спортпен шұғылданатын орындар болу керек. – деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, Май ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі экологиялық қазандыққа қызығушылық білдірген болатын. Сонымен қатар, Баскөл ауылындағы салынып жатқан пантонды көпірдің құрылысын тексерді.