Павлодарда көшелерді ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда

Павлодарда көшелерді ауқымды жаңарту жұмыстары жалғасуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қазірдің өзінде 16 көшеге асфальт төселді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Аза» ЖШС мердігер ұйымы Академик Сәтбаев, Катаев, Мәшһүр Жүсіп (Олжабай батыр көшесінен Горький көшесіне дейін), Баян батыр (Химқалашық сақинасынан Торайғыров көшесіне дейін), Ресей, Шөкин көшелерінде, сондай-ақ Естай көшесінің Бөкейхан көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарын аяқтап, асфальтбетон жабынын төседі.

Жібек жолы көшесінің Солтүстік өнеркәсіп аймағынан Космонавтар көшесіне дейінгі 3,6 шақырымдық учаскесінде жол негізін қайта өңдеу (ресайклинг) жұмыстары аяқталып, асфальтбетон жабынының төменгі қабаты төселді.

Жақын арада Нұркин көшесіндегі автотұрақ қалталары мен жолға қосылатын кіреберістерге де асфальт төселеді. Мұнда Естай көшесінен Толстой көшесіне дейін және Кривенко көшесінен Қайырбаев көшесіне дейін асфальтбетон жабыны төселіп қойған.

«ПКФ Гордорстрой» ЖШС мердігер ұйымы Авиақалашыққа апаратын автокөлік жолын, сондай-ақ Ледовский, Қайырбаев, Кривенко, Бұқар жырау, Геринг, Радищев, Бекмаханов және Академик Марғұлан көшелерін орташа жөндеуді аяқтады. Естай көшесін қоса алғанда, бірқатар учаскеде автотұрақтар мен жолға қосылатын кіреберістерді салу жұмыстары жалғасып жатыр. Жолдың үстіңгі қабатын төсеу кезінде беріктігі мен ұзақ мерзімділігі жоғары қиыршықтас-мастикалық асфальтбетон технологиясы қолданылды.

Қазіргі уақытта Мұқағали Мақатаев (бұрынғы Парковая), Генерал Дүйсенов, Геринг және Казправда көшесінің Мұқағали Мақатаев көшесінен Ағайынды Дүйсембиновтер көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

– Жол-құрылыс маусымы басталғалы біздің мамандар қала көшелеріндегі жөндеу нысандарына 40-тан астам рет барып, бақылау жүргізді, – деді Жол активтері сапасының ұлттық орталығының Павлодар облыстық филиалы директорының орынбасары Ербол Омаров. – Осы уақыт аралығында жол-құрылыс материалдарының 68 сынамасы алынды.

Зертханалық сынақтардың нәтижесі көрсеткендей, үлгілердің басым бөлігі белгіленген талаптар мен сапа стандарттарына толық сәйкес келеді.

Жалпы, 2026 жылы Павлодарда 100 шақырымнан астам автокөлік жолына асфальт төсеу жоспарланған. Орташа жөндеу жұмыстары 23 көшені қамтиды. Олардың басым бөлігіне қазірдің өзінде жаңа әрі заманауи жол жабыны төселді.