Жаңа жылу магистралі Павлодардағы жылумен қамту тұрақтылығын арттырды

Жаңа жылу магистралі Павлодардағы жылумен қамту тұрақтылығын арттырды
Фото: басқармадан

Жылу магистралі қаланың оңтүстік бөлігіне қосылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Ескі ЖМ-20 жылу магистралінің орнына салынған жаңа ЖМ-20А жылу магистралі былтыр «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында аяқталды. Нысанның құны 9,7 миллиард теңгені құрады.

– Қолданыстағы ЖМ-20 жылу магистралі 50 жылдан астам уақыт пайдаланылып келеді. Жаңа нысанның құрылысы басталғанға дейін оның тозу деңгейі 90 пайызға жеткен. Соңғы жылдары ескі жылу магистралінде 78 технологиялық ақау тіркелді. Жаңа учаскенің ұзындығы – 6 шақырым. Жоба Павлодардың оңтүстік бөлігін қамтиды. Бұл аумақта шамамен 600 көппәтерлі тұрғын үй орналасқан, онда 124,5 мың адам тұрады. Магистральға өнеркәсіптік нысандар да қосылған, – деді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ержан Иманзаипов.

Жобаның басты мақсаты – тұтынушылардың жылу жүйесіндегі гидравликалық режимді жақсарту. Жаңа магистральдың диаметрі 900-ден 1000 мм-ге дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде өткізу қабілеті артты, ал берілетін жылу энергиясының көлемі сағатына 230-дан 260 Гкал-ға дейін өсті.

– Бұл қолданыстағы тұтынушылар үшін сенімділік қорын қалыптастырып, қаланың жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақтылығын арттырады, – деп толықтырды ведомство басшысы.

2025-2026 жылдардағы жылыту маусымында жаңа ЖМ-20А техникалық режимде жұмыс істеді. Жылу магистралінде ешқандай зақымдану немесе ақау анықталған жоқ.