Павлодар облысында медицина қызметкерлері инфекциямен күресті күшейтуде

Павлодар облысында медицина қызметкерлері инфекциямен күресті күшейтуде
Фото: автор

Өңірде «Медициналық ұйымдарда инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау» тақырыбында біліктілікті арттыру курсы өтуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен облыстық перинаталдық және кардиологиялық орталықтарда өтіп жатқан оқу сабағын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының инфекциялық бақылау және антимикробтық төзімділікті үйлестіру бөлімінің басшысы Гаухар Ағажаева жүргізуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас штаттан тыс эпидемиологы Дина Шакратованың айтуынша, курсқа өңірдің барлық медициналық ұйымдарынан жоғары білімді 35 дәрігер қатысуда. Олардың қатарында эпидемиологтар, клиницистер, соның ішінде педиатрлар, кардиохирургтар, реаниматологтар және қосалқы қызмет дәрігерлері бар. Сонымен қатар шамамен 40 орта буын медицина қызметкері, оның ішінде инфекциялық бақылау мейіргерлері мен алғашқы медициналық-санитариялық көмек қызметкерлері қатысып жатыр.

– Курс барысында медициналық ұйымдардағы инфекциялардың алдын алу және инфекциялық бақылау, қол гигиенасы, инъекция қауіпсіздігі, стандартты сақтық шараларын сақтау, сондай-ақ ықтимал асқынулар мәселелері кеңінен қарастырылуда, – деді Дина Шакратова.

Оқу бес күн бойы, таңертеңнен кешке дейін жүргізіледі. Қатысушылар дәріс тыңдап қана қоймай, белсенді түрде тәжірибе алмасып, пікір бөлісіп, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алуда. Сонымен қатар тыңдаушылар өздері дайындаған жұмыстарын ұсынып, қорғауда.

Тереңкөл аудандық ауруханасының дәрігер-эпидемиологы Миржалол Мирюсуповтың айтуынша, оның жалпы еңбек өтілі алты жыл, оның ішінде төрт жылы эпидемиология саласына тиесілі.

– Бүгінгі оқу сабағы біз, дәрігер-эпидемиологтар үшін өте маңызды. Инфекцияны бақылау және оның алдын алу – науқастар мен медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі бағыттардың бірі. Ең алдымен пациенттің денсаулығы, одан кейін медицина қызметкерінің қауіпсіздігі маңызды. Осы уақыт ішінде біз көптеген қажетті ақпарат алдық. Оқу республикалық деңгейдегі стандарттарға сәйкес жүргізілуде. Біздің ұйым аудандық деңгейде болғандықтан, осы стандарттарды енгізіп, күнделікті жұмысымызда қолдану біз үшін аса қажет, – деді ол.

Мамандардың айтуынша, курс барысында алынған білім мен тәжірибе медициналық ұйымдарда инфекциялық қауіпсіздікті арттырып, қызмет сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.                                                               

Айта кетейік, курс аясында қатысушылар облыстық перинаталдық орталыққа барып, мекеменің жұмысымен танысып, инфекциялық бақылау шараларының тәжірибеде жүзеге асырылуын көретін болады.