Павлодар облысында КВИ мен ЖРВИ жұқтыру азайды
ЖРВИ 30% азайса, коронавирустан санаулы жағдайлар ғана тіркелуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
– Қазіргі уақытта Павлодар облысында коронавирус бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Пандемия басталғалы бері 81 012 дерек тіркелді. 2022 жылы КВИ бойынша 23 418 жағдай тіркелді. Бұл – 2021 жылға қарағанда 2 есе аз. Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап облыста коронавирустық инфекцияның таралуы төмендеді, – деді Батырбек Әлиев.
Спикердің айтуынша, қазіргі уақытта КВИ бойынша бірлі-екілі жағдай ғана тіркелуде. Өткен аптада 8 жағдай анықталған.
Covid-19-ға қарсы вакцинаның 1-компонентін облыс халқының 74,4% егілген. Ал, 2-компонентін 73% алды.
– КВИ-ға қарсы вакцинаны халықтың 60-80 пайызы қабылдаса, онда жақсы иммунитет қалыптасады. Бізде ұжымдық иммунитет жақсы қалыптасты. Сондықтан бізде санаулы ғана жағдайлар анықталуда. Бірақ уақыт өте иммунитет әлсірейді. Барынша ревакциянациядан өту керек, – деді Батырбек Әлиев.
Департамент басшысы Павлодар облысында ЖРВИ және тұмау бойынша маусымдық өсім тіркелгенін атап өтті. 2022 жылдың 1 қазанынан бастап, яғни, эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 243 043 және тұмаудың 33 жағдайы тіркелді.
– Өткен маусымда А типті тұмаудың 11 жағдайы анықталған болатын. Осы маусымда тұмаудың 33 жағдайы тіркеліп, оның ішінде 6 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында, 4 жағдай жасөспірімдер арасында, 6 жағдай жүкті әйелдер арасында анықталды. Ауру жұқтырғандардың барлығы екпе алмаған, – деді Батырбек Әлиев.
20-26 ақпан аралығында ЖРВИ-дің 9780 жағдайы тіркелді. Аурудың 30 пайыз азаюы байқалады. Қазіргі уақытта ЖРВИ бойынша 97 адам ауруханада жатыр. Оның 16-сы – бала.
– Қазір ауа райы тұрақсыз. Сондықтан ЖРВИ осы деңгейде сақталуы мүмкін, – деді департамент басшысы.
Айта кетейік, биылғы тұмау маусымы қарсаңында облыста 90 мың адамға вакцина егілген.
Фото: Константин Шелков